2026 жылдан бастап мектептер мен балабақшаларды тексерудің жаңа тәртібі енгізіледі

Ақтоты Жапатова 06 жел. 2025 18:20

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мектептерде, балабақшаларда, лагерьлерде және балаларға арналған басқа да ұйымдарда бақылаудың жаңа моделі іске қосылады. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – әр бала үшін қауіпсіз, сау және жайлы орта қалыптастыру, деп хабарлайды Dalanews.kz 

Бақылау қалай өзгермек?

Жоспарлы тексерулер екі санат бойынша жүргізіледі:

  • Жоғары қауіп деңгейі – жылына кемінде екі рет тексеріледі;

  • Төмен қауіп деңгейі – жылына бір реттен артық емес.

Сонымен бірге, тексерілетін объектілердің тізімі ашық жарияланып отырады. Бұл ата-аналар мен қоғамға қандай мекемелердің тексерістен өтіп жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.

Объектілерге бару арқылы мониторинг жүргізіледі

Жаңа бақылау форматы бұзушылықтарды тез анықтауға жағдай жасайды. Мектептердің жаңа оқу жылына, лагерьлердің жазғы маусымға және медициналық ұйымдардың эпидемиологиялық дайындық деңгейіне байланысты Мемлекет басшысы, Үкімет және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмалары негізінде тексерулер жүргізіледі.

Алғашқы тексеруде айыппұл салынбайды

Ұйымдарға заңбұзушылықтарды өздігінен түзетуге мүмкіндік беріледі. Бұл тәсіл мекемелердің жұмысты жақсартуына бағытталған.

Сонымен қатар, санитариялық дәрігерлердің өкілеттіктері кеңейеді. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер жүйелі бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар бере алады, оларды жергілікті және мемлекеттік органдарға жолдайды және мекемелерге қауіпсіздік стандарттарын арттыруға қолдау көрсетеді.

Заңнамалық өзгерістер қабылданды

4 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Құжат балалардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты жақсартуды және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардағы бақылау жүйесін жетілдіруді көздейді.

Қазір заңды толық жүзеге асыру үшін тиісті заңға тәуелді актілер әзірленіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар