Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz
Шетелдік ақпарат көздерінің дерегінше, қаскөйлер жеткізу қызметтері, банктер және басқарушы компаниялар атынан жалған хаттар мен SMS-хабарламалар таратып, азаматтарды өздері қайта қоңырау шалуға итермелейді.
Хабарламалар әдетте «авторизациядағы қате», «домофонды ауыстыру», «есептегіштерді тексеру қажет» деген сылтаумен келеді. Азамат ресми ұйымнан келді деп ойлап, хабарламада көрсетілген нөмірге қайта қоңырау шалған кезде, тікелей алаяқтың өзіне байланысады. Осылайша қаскөйлер әлеуметтік инженерия әдістерін қолдануға мүмкіндік алады.
Комитет мамандары мұндай қулықтың қарқынды таралып жатқанын айтып, қазақстандықтарды сақ болуға шақырады.
Маман кеңесі:
-
Бейтаныс хат-хабарлар мен SMS-терге сын көзбен қараңыз;
-
Қайта қоңырау шалатын болсаңыз, тек ұйымның ресми сайтында көрсетілген нөмірді теріңіз;
-
Екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз;
-
Банк картасының деректерін, бір реттік құпия кодтарды және өзге де жеке мәліметтерді ешкімге бермеңіз.
Құзырлы орган азаматтарды қырағылық танытуға және киберқауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
