МҰНАЙ ҚАЛАЙ АРЗАНДАДЫ?

Dalanews 19 қаң. 2015 05:51 926

logo (1)

 

 

Тынчтык АЛТЫМЫШОВ, Қырғызстан

 shutterstock_148784087Өткен жыл ырду-дырдуға толы болды. Ресей Қырымды тартып алды. Украина аумақтық тұтастығын сақтап қалуға тырысты. Ресейдің басқыншылық әрекетіне қарсы Батыс экономикалық санкцияларды қолға алды. Рубль мен доллар айқасқа түсті. Ол аз десеңіз, бір жылда Малайзияның үш бірдей ұшағы апатқа ұшырады. Африканың алақандай ауылында пайда болған Эбола вирусы жарты әлемді жалмап кете жаздады. Өз тарапымыздан біз былтырғы жылдың ең басты жаңалығы деп мұнай бағасының күрт құлдырауын айтар едік.

 Себебі, ауа мен судан кейінгі кезекте күллі әлем мұнайға мұқтаж.  Жаңа жылдың алдында Лондон сауда биржасындағы ең жоғары маркалы Brent мұнайының бір баррелі 54 долларға, сланцтан алынған мұнайдың бір баррелі 50,5 долларға бағаланды. Халықаралық зерттеу институттарының дерегінше, 1 жылдың аралығында мұнай бағасы 40-45 % төмендеген. Сонда мұның себебі неде? «Қара алтынға» деген сұраныс пен ұсыныс қалай ғана осыншалықты деңгейге төмендеп кетті?   
 Халықаралық зерттеу институттарының дерегінше, 1 жылдың аралығында мұнай бағасы 40-45 % төмендеген.

БІРІНШІ СЕБЕП: ҒЫЛЫМИ ТЕХНИКАЛЫҚ ДАМУ

Жапондар мұнайға тәуелділіктен құтылудың жолын іздестіріп жатыр.  Олар былтырғы жылы ерекше еңбектенді. Ал биылғы жылдың басында «Тойота Мирай» (Болашақ) деп аталатын сутегімен жүретін жеңіл көлікті жаппай сата бастады. Келер жылдан бастап «Хонда», «Субару» сықылды көлік өндірушілер дәл осы технологияға көшпек. Яғни, сутегімен жүретін жүздеген, мыңдаған, он мыңдаған көлік сатылымға түседі деген сөз. Ал бұл...мұнайдың арқасында күн көріп отырған елдерге аса жағымды жаңалық емес. Осыған байланысты мұнай экспорттайтын мемлекеттердің ұйымы – ОПЕК ойлана келіп, бұрынғы бағаны ұстап тұру үшін мұнай өндірудің көлемін азайтпау қажет деп шешті. ОПЕК мүшелері Нигерия, Иран, Араб елдері енді 50 жылдан кейін қара алтынға деген сұраныс мүлдем азайып, бүгінгі мол байлық қажетсіз қаларына қатты алаңдаулы.

 ЕКІНШІ СЕБЕП: КОНТРАБАНДА

Бұл қисынсыз естілуі мүмкін. Бірақ, негізсіз емес. Сирия мен Ливия соңғы жылдары азаматтық соғыстан көз аша алмай жатыр; Иран мен Ирактың шекарасында діни экстремистік қақтығыстар жиілеп кетті; «Боко Харам», ИГИЛ сықылды қарулы күштер күн өткен сайын күш алып келеді. Олар өз кезегінде мұнай өңдейтін кәсіпорындарға, мұнай транзитіне шабуыл жасауда. Мұндағы мақсат белгілі. Мұнай өнімдеріне ие болу және қара алтынды өз каналдары арқылы сату. Осы себепті бұларға қарсы күштер, атап айтқанда, АҚШ-тың мемлекеттік департаменті экстремистердің қаржы көзін жабу мақсатында мұнай бағасын күрт төмендетіп жіберді. 
Ресей бюджетінің 50 пайызын мұнай экспорты қамтамасыз етеді. «Иә, біздің табысымыздың негізгі үлесі «қара алтынға» тиесілі. Ресей мұнай сатудан жылына 194 млрд., ал мұнайдан газ алу және оны сатудан 28 млрд. доллар табыс түсіреді», – деген болатын Владимир Путин.

ҮШІНШІ СЕБЕП:АҚШ


АҚШ мұнай өндіруде тақтатастың құрамында кездесетін биохимиялық элементтердің қатты бөлшектерінен мұнай өндірудің дәстүрлі емес тәсіліне көшті. Ойлап көріңізші: осы мақсатта соңғы 10 жылда АҚШ бұл салаға 50 млрд. доллар сарп еткен. Және ақшасы далаға кеткен жоқ. Осының нәтижесінде соңғы 4 жылда тақтатастан мұнай өндірудің көлемі күрт өсті. Бұл көрсеткіш жағынан Америка дайын мұнай өндіретін ОПЕК-тің өзінен асып түсті. 2005 жылы АҚШ тәулігіне 5,1 млн. баррель жасанды мұнай өндірген болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш күніне 9,1 млн. баррельді құрайды.  Әйткенмен, жасанды мұнайдың сапасы табиғи мұнайға қарағанда төмен екенін ескеру керек....

nvrossiaТӨРТІНШІ СЕБЕП: РЕСЕЙ
Мұнай бағасының күрт төмендеуі бекер былтырғы жылға сай келген жоқ. Бұл бірінші кезекте Украинадағы жағдайға байланысты. Ресейдің геосаясатына АҚШ және оның ықпалы жүретін Батыс пен Араб елдері қарсы жауап қатты. Мұндағы мақсат: Ресей «жан бағып» отырған қаржы көзін жабу (бітеу) еді. Бұл мұнай екені бесенеден белгілі. Иә, Ресей ОПЕК мүшесі емес, алайда, ол ұйымдағы бақылаушының міндетін атқарады. Мұнай қоры жағынан 99 елдің ішіндегі 8-ші орында. 2013 жылғы дерек бойынша жер қойнауында 80 млрд. баррель мұнай қоры бар. Ресей бюджетінің 50 пайызын мұнай экспорты қамтамасыз етеді. «Иә, біздің табысымыздың негізгі үлесі «қара алтынға» тиесілі. Ресей мұнай сатудан жылына 194 млрд., ал мұнайдан газ алу және оны сатудан 28 млрд. доллар табыс түсіреді», – деген болатын Владимир Путин. АҚШ пен Батыс мұны жақсы біледі. Алдымен Украина, артынша Балтық елдері, кейіннен Еуропа Ресей газын сатып алуға күрт шектеу қойды. Мұнай бағасы дәл бүгінгідей қарқынмен құлдырай берсе , мұның аяғы Ресей үшін апатқа айналады. Неге? Өйткені мұнай 30 долларға түссе де, бұл Араб елдерінің қалтасын қақпайды. Оларда мұнай өндіру оңай, ал Ресейде азап. Сондықтан мұнай бағасы 35 – 40 долларға төмендер болса, ол оның өзіндік құнын ақтамайды.

АЛ БІЗ ҚАЙТПЕКПІЗ?
Мұнайөнімдері туралы айтқанда Қырғызстан толықтай Ресейге тәуелді. Бұған дейін біз газды Өзбекстаннан, жанармайды Қазақстаннан тасымалдайтынбыз.  «Қырғызгазды» Ресейге бар болғаны 1 долларға сатып жіберген кейін, газ мәселесінде біз толықай орыстарға қарап қалдық. Бірақ бұл орыстардың өз мәселесі. Олар бізге жетер газды Өзбекстан арқылы тасымалдай ма, әлде басқа бір әдісін таба ма, ол жағы бізді алаңдатпайды. Бізді алаңдататын сауал: «Қара алтын» бағасының төмендеуіне байланысты Қырғызстанға да арзандаған мұнай өнімдері жеткізіле ме, әлде...». Әлеуметтік желі мұны әзірден талқылап жатыр: «Мұнай арзандап жатыр, ал Қырғызстанда жанармай қымбаттауда», – дейді бұқара. Яғни, әлемдік тенденцияның бізге әсері аз болып тұр. Ресей бізге келгенде білген бағасын қоя ма деп қауіптенеміз.

P.S.Бізді қазақтармен жиі салыстырады. Бірақ екі елдің экономикалық қуаты жер мен көктей. Мұнай қоры жағынан Қазақстан әлемде 12-ші орында. Жер қойнауында 30 млрд. тонна мұнай қоры бар.
Айналып келгенде біз Ресейге алақан жаюға мәжбүрміз. Өзге жол жоқ. Әйтпегенде, жылына 1 млн. тонна бензин және 1 млрд. текше метр газды бізге кім береді? Осы себепті Кремльдің интеграциялық саясатына бағынып, Мәскеу қайда жүруді, қайда кіруді бұйырса, соған көнуден басқа амалымыз жоқ. 

Аударған, Аяулым ШАЙМАРДАН


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар