Әйелі сәби күтіп жүрген: Алматыда із-түссіз жоғалған жігіттің өліміне қатысты тергеу басталды

Әйелі сәби күтіп жүрген: Алматыда із-түссіз жоғалған жігіттің өліміне қатысты тергеу басталды
"Алматы" телеарнасы

Алматыда із-түссіз жоғалған 25 жастағы Ерзат Егінбайдың өліміне қатысты тергеу басталды. Жігіт жұмысынан небәрі 15 минутқа сұранып шығып, арада төрт күн өткенде су қоймасынан өлі табылған, деп хабарлайды dalanews.kz almaty.tv-ға сілтеп.

Ерзат 19 мамырда әдеттегідей жұмысқа барған. Ол Алматыда геодезистің көмекшісі болып еңбек еткен. Сол күні түсте бастығынан "дүкенге барып келемін" деп сұранып шыққанымен, қайта оралмаған. Кешке жұмыс орнындағылар оның жиналысқа келмегенін байқап, жұбайына хабарласқан.

Туыстарының айтуынша, сол сәттен бастап отбасы өз күшімен іздеу жұмыстарын бастаған. Олар бейнебақылау камераларын қарап, Ерзаттың соңғы жүрген бағыттарын анықтауға тырысқан.

Марқұмның анасы Талша Құсайынованың сөзінше, ұлы ешқандай күмәнді ортада болмаған, құмар ойын ойнамаған және күн сайын жұмыстан кейін отбасына хабарласып отырған.

Кейін Ерзат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарай кеткені белгілі болған. Бейнежазбаларда оның әлдекімді іздегендей жан-жағына алаңдап қарап жүргені байқалған. Ол Космос ауылындағы аялдамадан түсіп қалған, содан кейінгі жүрген бағыты анықталмаған.

23 мамырда Ерзаттың сүйегі Космос ауылы маңындағы су қоймасынан табылған. Оны балықшылар байқап қалған.

Марқұмның туыстары оның өліміне қатысты күмән көп екенін айтады. Олардың сөзінше, марқұмның денесінде тұншықтыруға ұқсас іздер болған. Алайда алдын ала мәлімет бойынша полиция сүйектен зорлық-зомбылық белгілері анықталмағанын хабарлаған.

Алматы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Жақындарының сөзінше, Ерзат жуырда ғана әке болатынын білген. Жарты жыл бұрын шаңырақ көтерген жігіттің қазасы отбасы үшін ауыр соққы болған. Туыстары істің әділ әрі ашық тергелуін талап етіп отыр.