Шымкент шенеуніктерінің қатысуымен 490 млн теңгелік алаяқтық схемасы әшкереленді

Шымкент шенеуніктерінің қатысуымен 490 млн теңгелік алаяқтық схемасы әшкереленді
magnific.com

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мемлекеттік сатып алу саласында жасалған ірі алаяқтық дерегі бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтады. Тергеу барысында жалған жұмыс тәжірибесін рәсімдеу арқылы компанияларға тендерлерге қатысуға заңсыз мүмкіндік берген қылмыстық схема анықталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, «KazStroyOpyt LTD» ЖШС басшысы консалтингтік қызмет көрсету сылтауымен коммерциялық ұйымдарға құрылыс жұмыстары бойынша жалған тәжірибе жасап беру схемасын ұйымдастырған. Ол үшін «Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізіліп отырған.

Осылайша, клиент-компаниялар мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде негізсіз артықшылықтарға ие болған. Заңсыз қызмет әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы ашық жарнамаланған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, қылмыстық топ құрамында 11 адам болған. Сонымен қатар, Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар да анықталған.

Қылмыстық кірістерді заңдастыру мақсатында бақылаудағы бірнеше заңды тұлға пайдаланылып, олардың шоттары арқылы қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған. Алдын ала есеп бойынша заңсыз табыс көлемі 490 миллион теңгеден асқан.

Тергеп-тексеру барысында жалған жұмыс тәжірибесін пайдаланып, мемлекеттік сатып алуларға қатысқан 56 компания анықталды. Аталған материалдар құзырлы органдарға тексеру жүргізу үшін жолданған.

Қазіргі уақытта үш күдікті қамауға алынса, тағы сегіз адамға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданған.

ҚМА мәліметінше, мұндай заңсыз әрекеттер адал емес компанияларға мемлекеттік келісімшарттарға қол жеткізуге мүмкіндік беріп, сапасыз жобалардың жүзеге асу қаупін арттырады әрі адал кәсіпкерлерді тең емес жағдайға қояды.