Көкжайлау жобасы: 30 аспалы жол, 161 шақырым трасса және мыңдаған турист

Көкжайлау жобасы: 30 аспалы жол, 161 шақырым трасса және мыңдаған турист
Dalanews

Алматыда өткен қоғамдық тыңдауда «Almaty Superski» жобасының экономикалық және туристік әлеуетіне қатысты жаңа деректер жарияланды. Жоба аясында Алматы тау кластерін ауқымды дамыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Таныстырылымда көрсетілген мәліметке сәйкес, 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілген. Құжат 7 негізгі бағыт пен 73 іс-шараны қамтиды.

Жоба аясында Алматы тау кластерінде 30 аспалы жол мен жалпы ұзындығы 161 шақырым болатын шаңғы трассалары салынбақ. Сонымен қатар 30 қонақүй мен глэмпинг аймағын ашу жоспарланған.

Жоспарда «Медеу – Шымбұлақ» тау ауылы, сондай-ақ «Tau Hub» және «Просвещенец» атты екі визит-орталық салу қарастырылған.

Жоба авторларының болжамынша, 2029 жылға қарай Алматының тау туризміне келетін шетелдік туристер саны 1,7 миллион адамға жетуі мүмкін. Туризм саласындағы жұмыспен қамту көлемі 102 мың адамға дейін өседі деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ жобаға 239 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тарту және жыл сайын 117 миллиард теңге салық түсімін қамтамасыз ету жоспарланған.

Тыңдауда тау туризмінің экономикалық тиімділігіне де ерекше тоқталды. Ұсынылған дерекке сәйкес, тау шаңғысы инфрақұрылымына салынған әрбір 1 доллар курорт экономикасына 5 доллар, ал жалпы туризм экономикасына 15 доллар көлемінде әсер береді.

Сонымен бірге тау туризміндегі бір туристің тәуліктік шығыны шамамен 300 доллар деп бағаланған. Бұл жағажай туризміндегі орташа шығыннан бірнеше есе жоғары екені айтылды.

Жоба аясында халықаралық спорттық және іскерлік іс-шараларды өткізу де жоспарланған. Атап айтқанда, тау спорты бойынша халықаралық жарыстар, фестивальдер, кинофестивальдер мен халықаралық туристік форумдар ұйымдастыру көзделіп отыр.

Жоба әзірлеушілері бұл бастама Алматыны Орталық Азиядағы ірі тау туризмі орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді деп есептейді.