Алматыда Almaty Superski тау курорты жобасына арналған қоғамдық тыңдау өтті. Жиында жоба авторлары болашақ кешеннің негізгі бағыттарын таныстырып, оның туризм, спорт, экология және қала экономикасына ықпалы туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жобаны таныстырған «Kazakh Tourism Development LTD» компаниясының бас директоры Ержан Еркінбаев бұл бастама тек туристік нысан салу емес, Алматы тауларын қауіпсіз әрі қолжетімді етуге бағытталғанын жеткізді. Оның айтуынша, жоба әзірлеу барысында тұрғындардың пікірлері, экологтар мен сала мамандарының ұсыныстары зерттелген.
Спикердің сөзінше, кейінгі жылдары Шымбұлақ курортына келушілер саны айтарлықтай артқан. Қазіргі инфрақұрылым демалыс күндері жүктемені толық көтере алмай отыр. Осыған байланысты Алматының тау туризмін дамыту қажеттілігі туындаған.
Тыңдауда Көкжайлау аумағы кездейсоқ таңдалмағаны айтылды. Мамандар бірнеше аумақты зерттеп, табиғи, климаттық және инфрақұрылымдық ерекшеліктерді саралаған. Нәтижесінде Көкжайлау мен Күмбел аумағы ең қолайлы нұсқа ретінде белгіленген.
Жоба аясында 17 аспалы жол мен 60 шақырымнан астам шаңғы трассасын салу жоспарланып отыр. Курорттың жалпы аумағы –1022 гектар. Жоба авторлары құрылыс ұлттық парк аумағының өте аз бөлігін ғана қамтитынын атап өтті.
Сондай-ақ жаңа курорттың басты ерекшелігі – оның қолжетімділігінде. Инфрақұрылым балаларға, қарттарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделмек. Арнайы жаяу бағыттар, демалыс орындары, визит-орталықтар мен бақылау алаңдары қарастырылған.
Қоғамдық тыңдауда тау қауіпсіздігі мәселесі де көтерілді. Жоба аясында цифрлық навигация, арнайы белгіленген соқпақтар, құтқару жүйелері мен байланыс желілерін дамыту жоспарлануда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл таудағы төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Экология мәселесіне қатысты жоба жетекшілері халықаралық тәжірибе зерттелгенін айтты. Курортты жобалауға Еуропаның тау инфрақұрылымы бойынша тәжірибесі бар мамандар тартылған. Сонымен қатар қазақстандық экологтар, гидрологтар мен археологтар ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр.
Жоба іске асқан жағдайда кемінде 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Мамандардың пікірінше, бұл қала экономикасына серпін беріп, Алматының халықаралық туристік тартымдылығын арттыруы мүмкін.
Қоғамдық тыңдау соңында жоба авторлары тұрғындармен ашық диалог жалғасатынын айтып, барлық ұсыныс пен ескертулер назарға алынатынын жеткізді.