Ақтөбеде 10 жастағы мүгедектігі бар баланың анасы ұлын облыстық көпсалалы балалар ауруханасында бірнеше күн бойы басқа науқастар ұрып, қорқытып келгенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz "Tengrinews.kz"-ке сілтеме жасап.
Ақсана Уразбекованың айтуынша, баласы неврология бөлімінде жиі емделеді және әдетте ол ауруханаға баласымен бірге жатады. Алайда бұл жолы қызына қарау керек болғандықтан, ұлын бөлімшеде жалғыз қалдырған. Келесі күні-ақ баланың мінез-құлқы өзгеріп, анасымен сөйлесуден қашқақтай бастаған.
1 желтоқсанда бала болған жағдайды толық айтып берген. Ол 28 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өзімен бірге жатқан үлкенірек балалар оны бірнеше рет ұрып, соққыға жыққанын айтқан.
Анасының айтуынша, 16 және 12 жастағы науқастар баланы басынан ұрып, тепкілеген, тамағы мен суын тартып алған, тіпті телефонды да пайдаланған. Қорқытқандықтан және қысым көрсеткендіктен, бала көмек сұрауға жасқанған.
Соққы салдарынан баланың денесінде көгерулер пайда болған, іші мен қолы ауырған, сондай-ақ бас қысымы күшейген. Психолог баланың психологиялық жарақат алғанын растаған. Анасы полицияға арыз түсіріп, сот-медициналық сараптама тағайындалуын үш күн бойы күтіп жүргенін айтты.
Ауруханада не дейді?
Балалар ауруханасының өкілдері бөлімшеде балалар арасында жанжал болғанын растағанымен, соққыға жығу фактісі болмағанын алға тартты. Медициналық қызметкерлердің айтуынша, медбике дауысты естіп, палатаға кірген кезде балалар өзара сөзге келіп жатқан, кейін олар бөлек палаталарға орналастырылған.
Аурухана оқиға кезінде ешқандай көзге көрінер жарақат байқалмағанын мәлімдеді.
Полиция тексеріс бастады
Полиция анасының арызы түскенін растады. Қазір аталған факті бойынша тексеріс жүргізілуде. Ал сот-медициналық сараптама әлі тағайындалмаған.
Ақсана Уразбекова мемлекеттік органдардан істі толық әрі объективті тергеуді сұрап отыр.
