ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалықұлды төбелеске қатысқаны үшін қызметінен босатуды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Еске салайық, қараша айында әлеуметтік желіде жанжал кезінде түсірілген видео тараған болатын. Журналист Михаил Козачковтың айтуынша, видеодағы адамдардың бірі – шенеунік Сұлтанғали Жалықұл. Ол қарсыласына соққы беріп, жақ сүйегін сындырды деген болжам айтылған.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Сұлтанғали Жалықұлдың жанжалға қатысқанын растады. Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшінің төбелеске қатысу фактісі бойынша қызметтік тексеріс жүргізген. 5 желтоқсанда этика кеңесі тиісті шешім қабылдады.
"Кеңес шешімімен Түркістан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы С.Жалықұлға қатысты қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін «атқарып отырған лауазымынан босату» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Әдеп жөніндегі кеңес С.Жалықұл тарапынан орын алған тұрпайы, қоғамға жат мінез-құлықты, сондай-ақ мемлекеттік органның беделін түсіретін әрекет жасау арқылы жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларды бұзу фактісін анықтады", - делінген хабарламада.
