Қартаю — табиғи әрі тоқтатуға болмайтын үдеріс. Дегенмен, ғалымдар мен дәрігерлердің айтуынша, оны баяулатып, дененің де, ойдың да жастығын ұзақ сақтауға болады. Ол үшін өмір салты мен әдеттерге аз ғана түзетулер енгізу жеткілікті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адам ағзасының қартаюына төрт негізгі фактор әсер етеді: созылмалы қабыну, күйзеліс, артық қант және тотығу. Осы процестер жасушалардың бұзылуына, жүйелердің әлсіреуіне және сыртқы өзгерістерге алып келеді. Бірақ өмір салтын сауатты қалыптастырса, бұл әсерлерді азайтуға болады.
1. Дұрыс тамақтаныңыз
Үйлесімді тамақтану қартаюға қарсы ең тиімді құралдың бірі. Әр тамақта ақуызды өнімдер болуы керек. Диетологтардың кеңесі бойынша, әр килограмм дене салмағына шамамен 1 грамм ақуыз қажет. Мысалы, 65 кг салмақтағы әйелге бір реттік тамақта 20–25 грамм ақуыз жеткілікті – бұл 3 жұмыртқаның ағы, тауық еті немесе тофу ірімшігі мөлшеріне тең.
Ақуыз инсулин деңгейін реттеп, бұлшықетті сақтауға және салмақтың артуына жол бермеуге көмектеседі. Ал тәтті тағамдарды, өңделген майларды азайту – ұсақ әжімдердің, пигментті дақтарының және энергия тапшылығының алдын алады.
2. Күйзелісті азайтыңыз
Созылмалы күйзеліс – ағзаның ең басты жауы. Ол кортизол гормонының артық бөлінуіне әкеліп, жүректің, мидың және терінің жұмысын әлсіретеді.
Жай ғана серуендеу, йога мен тыныс алу жаттығуларын жасау, жылы ваннаға түсу немесе сүйікті хоббимен айналысу жүйкені тыныштандырып, жасушалардың тез қартаюына жол бермейді.
3. Ағза мен миды қоректендіретін дәрумендер ішіңіз
Қартаюға қарсы ең пайдалы дәрумендер – B тобының витаминдері, сондай-ақ А, С, Е және селен сияқты антиоксиданттар. Олар жасушаларды бос радикалдардан қорғайды, көңіл-күйді жақсартады және энергия береді.
Сонымен қатар, коллаген, глюкозамин және гиалурон қышқылы тері мен буындардың серпінділігін сақтауға көмектеседі (бірақ қолданбас бұрын дәрігермен кеңесу қажет).
4. Физикалық белсенді болыңыз
Тұрақты дене белсенділігі – қартаюға қарсы ең сенімді құрал. Жаттығулар міндетті түрде ауыр болмауы тиіс. Күніне 20–30 минут серуендеу, велосипед тебу, жүзу немесе жеңіл гимнастика да жеткілікті.
Қозғалыс қан айналымын жақсартады, жүрек пен бұлшықетті нығайтады, қабынуды азайтады және көңіл-күйді көтереді.
5. Ұйқы режимін сақтаңыз
Ұйқы жетіспеушілігі ағзаны тез шаршатады, терінің өңін бұзады және ерте әжім түсуіне себеп болады. Сондықтан түнде кем дегенде 7–8 сағат ұйықтау – ағзаны қалпына келтірудің ең табиғи жолы.
Ең тиімді ұйқы уақыты – 22:00–07:00 аралығы, дәл осы кезде ағзада мелатонин гормоны белсенді бөлініп, жасушалар жаңарады.
6. Зиянды әдеттерден бас тартыңыз
Темекі, алкоголь, шамадан тыс кофеин және ультракүлгін сәулелер бос радикалдардың түзілуін күшейтеді. Бұл терінің, шаштың және ішкі ағзалардың тез тозуына әсер етеді.
Мүмкіндігінше таза ауада көбірек болып, суды жеткілікті мөлшерде ішіп, күннен қорғайтын құралдарды пайдаланыңыз.
7. Ағзаны тазарту мен аутофагия
Ғалымдар аутофагия деп аталатын табиғи үдерісті белсендіру ағзаның «жасаруына» ықпал ететінін дәлелдеді. Бұл – зақымданған жасушалар мен митохондрияларды жою процесі.
Оны белсендірудің ең тиімді тәсілі – интервальды ашығу (мысалы, 16:8 режимі). Бірақ бұл тәсілді де дәрігердің кеңесімен қолдану керек.
8. Позитивті ойлаңыз
Күлкі, достармен кездесу, сүйікті ісіңізбен айналысу және махаббат – барлығы да серотонин деңгейін арттырып, иммунитетті күшейтеді.
Қартаю – өмірдің табиғи бөлігі. Бірақ дұрыс тамақтану, қозғалыс, ұйқы мен ішкі тыныштық бұл үдерісті баяулатып, өмір сапасын айтарлықтай арттырады. Бастысы – ағзаңызды тыңдап, оған қамқорлық таныту.
