Зейнетақы активтері қалай инвестицияланып жатыр? Сарапшылар түсіндірді

Қаракөз Амантай 13 нау. 2026 16:15

2025 жылы зейнетақы жинақтарының инвестициялық табысы 1, 825 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы Алматыда өткен Қаржы журналистикасы мектебінде “БжЗҚ” АҚ инвестициялық портфельді талдау басқармасының  басшысы Ләззат Әмірғалиева мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Іс-шара барысында Әмірғалиева зейнетақы активтерін басқарудың қазіргі жағдайы және инвестициялық стратегиялары туралы айтты.

Оның сөзінше, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстандағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 25,1 трлн теңгені құраған. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялық қызметтен алынған табыс 1,773 трлн теңгеге жеткен.

“Былтыр зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісі 7,43 пайыз деңгейінде қалыптасты”, – деді Ләззат Әмірғалиева.

Спикердің айтуынша, инвестициялық табыстың негізгі бөлігі мемлекеттік бағалы қағаздардан, халықаралық қаржы ұйымдарының облигацияларынан және репо операцияларынан түскен.

“Бұл құралдар жалпы табыстың шамамен 78 пайызын қамтамасыз етті”, – деді ол.

Портфель қалай қалыптасады

Зейнетақы активтері бірнеше сенімгерлік басқарушы арасында бөлінген. Негізгі басқарушы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі. Ал активтердің бір бөлігі жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың қарамағына берілген.

Әмірғалиеваның сөзінше, зейнетақы активтерін басқарудағы басты қағидалардың бірі – портфельді әртараптандыру.

“Инвестициялық портфель тәуекелдерді азайту үшін әртүрлі қаржы құралдарына орналастырылады. Бұл – зейнетақы активтерін басқарудың негізгі қағидаларының бірі”, – деді ол.

Қазіргі таңда инвестициялық портфель құрылымында негізгі үлесті Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары алып отыр. Сонымен қатар портфельде халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары, шетелдік мемлекеттік бағалы қағаздар, корпоративтік облигациялар және басқа да қаржы құралдары бар.

Жаңа цифрлық сервис іске қосылды

Баяндама барысында зейнетақы активтері туралы ақпараттың ашықтығын арттыру мақсатында жаңа цифрлық сервис іске қосылғаны да айтылды.

Әмірғалиеваның айтуынша, invest.enpf.kz интернет-порталы инвестициялық портфельді басқарушылар туралы негізгі ақпаратты бір платформада біріктіреді.

“Бұл портал азаматтарға зейнетақы жинақтарын басқару жүйесі туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді. Мұнда инвестициялық стратегиялар, портфель құрылымы, бағалы қағаздар туралы ақпарат, сондай-ақ басқарушылардың қаржылық көрсеткіштері мен зейнетақы активтерінің кірістілігі жөніндегі деректер жарияланған”, – деді ол.

Спикердің айтуынша, жаңа платформа халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға және зейнетақы активтерін инвестициялау тетіктерін түсінуді күшейтуге бағытталған.

Сонымен қатар портал арқылы салымшылар инвестициялық портфельді басқарушылардың қызметін салыстырып, олардың инвестициялық нәтижелерімен таныса алады.

Ұлттық банк не дейді?

Ұлттық банк монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Нұржан Нұрғазиннің айтуынша, зейнетақы активтерінің негізгі бөлігі Ұлттық банктің басқаруында. Сондықтан бұл қаражатты басқарудағы негізгі қағида – тәуекелге бару емес, ең алдымен салымшылардың қаражатын сақтау.

Неге зейнетақы табысы өзгеріп тұрады

Нұрғазин зейнетақы активтерінің табысы қысқа мерзімде өзгеріп тұратынын түсіндірді.

“Көп жағдайда адамдар неге кейде зейнетақы активтерінің табыстылығы төмендеп кетеді деп сұрайды. Бұл – қаржы нарығындағы күнделікті қайта бағалаумен байланысты”, – деді ол.

Оның айтуынша, инфляция мен пайыздық мөлшерлемелердің өзгеруі де инвестициялық табысқа әсер етеді.

Нұрғазиннің сөзінше, егер нарықтағы пайыздық мөлшерлемелер төмендесе, облигациялардың бағасы өседі. Ал керісінше жағдай орын алса, олардың нарықтық бағасы төмендеуі мүмкін.

Спикер валюталық активтердің табысына валюта бағамының өзгеруі де әсер ететінін айтты.

Ол мысал ретінде былтырғы жағдайды келтірді.

“2025 жылы теңге бағамы шамамен 525 теңгеден 505 теңгеге дейін нығайды. Соның салдарынан валюталық активтер теңгемен есептегенде қайта бағаланған кезде белгілі бір теріс әсер байқалды”, – деді ол.

Нұрғазин зейнетақы активтері әртүрлі қаржы құралдарынан тұратынын айтты. Оның айтуынша, портфель облигациялардан, акциялардан және түрлі валюталық әрі теңгелік құралдардан құралады.

“Қазіргі кезде зейнетақы активтерінің шамамен 60 пайызы теңгемен, ал 40 пайызы шетел валютасында орналастырылған”, – деді ол.

Сондай-ақ ол зейнетақы активтері негізінен сенімді қаржы құралдарына орналастырылатынын атап өтті.

“Теңгелік портфельдің негізгі бөлігі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары. Олар біз үшін ең қауіпсіз қаржы құралдарының бірі саналады”, – деді ол.

Сөзінше, зейнетақы активтерінің шамамен 43 пайызы мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестицияланған.

Сонымен қатар портфельде квазимемлекеттік сектордың облигациялары, екінші деңгейлі банктердің облигациялары, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары және ақша нарығының құралдары бар.

Спикердің айтуынша, валюталық портфель 4 негізгі класқа бөлінген.

“Олар – дамыған елдердің облигациялары, дамушы нарықтардың облигациялары, корпоративтік облигациялар және акциялар”, – деді ол.

Нұрғазиннің айтуынша, кейінгі жылдары портфельді әртараптандыру мақсатында акциялардың үлесі де ұлғайып келеді.

“Биыл акциялардың үлесін 25 пайыздан 30 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар портфельге баламалы инвестициялық құралдарды енгізу қарастырылуда”, – деді ол.

Оның сөзінше, мұндай құралдарға жеке капитал, инфрақұрылымдық жобалар, жылжымайтын мүлік және басқа да инвестициялық бағыттар кіреді.

Нұрғазин зейнетақы активтерінің табыстылығын қысқа мерзімде бағалау дұрыс емес екенін де атап өтті.

“Зейнетақы активтері – ұзақ мерзімді инвестициялар. Сондықтан олардың тиімділігін бір ай немесе бір жыл емес, кем дегенде бес-он жылдық кезеңде бағалау қажет”, – деді ол.

Спикердің айтуынша, ұзақ мерзімді кезеңде зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция деңгейінен жоғары болып келеді.

Мәселен, оның мәліметінше, зейнетақы активтері біріктірілген кезеңнен бері жинақталған табыстылық шамамен 194 пайызды, ал осы кезеңдегі инфляция 207 пайызды құраған.

Нұрғазин салымшыларды зейнетақы активтерін басқару жүйесімен белсенді танысуға шақырды.

Инвестициялық компаниялар туралы

Alatau City Invest

Зейнетақы активтерін басқарушы компаниялардың бірі Alatau City Invest өкілдері жаңа инвестициялық стратегия енгізілгенін айтты.

Компанияның мәліметінше, қазіргі уақытта басқарудағы зейнетақы активтері 16,5 млрд теңгеден асады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша портфельдің кірістілігі 11,22 пайызды құраған.

Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа стратегия бенчмаркке негізделген белсенді басқару тәсіліне сүйенеді және ұзақ мерзімді кезеңде кірістілікті арттыруға бағытталған.

BCC Invest

BCC Invest активтерді басқару департаментінің директоры Мәулен Үсенов компания инвестициялық портфельді қалыптастыруда тұрақтылыққа басымдық беретінін жеткізді.

Оның сөзінше, қазіргі портфельдің 78 пайызы облигациялар мен ақша нарығы құралдарына, ал шамамен 19 пайызы акцияларға бағытталған.

Сонымен қатар инвестициялардың 68 пайызы теңгемен, 31 пайызы шетел валютасында орналастырылған.

Halyk Finance

Halyk Finance басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Төлепов компания басқаруындағы зейнетақы активтері 50 млрд теңгеден асқанын айтты.

Оның айтуынша, кейінгі үш жылда портфельдің орташа жылдық өсімі 14 пайыздан жоғары болған.

Компания стратегиясы бойынша инвестициялардың шамамен 70 пайызы теңгелік құралдарға, ал 30 пайызы валюталық активтерге бағытталған.

Сентрас Секьюритиз

Ал “Сентрас Секьюритиз” компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Дамир Нурскенов зейнетақы активтерін басқаруда консервативті инвестициялық модель қолданылатынын айтты.

Оның сөзінше, портфельдің негізгі бөлігі облигациялық құралдарға бағытталған. 2026 жылғы деректер бойынша активтердің 64 пайызы теңгелік облигацияларға, ал 25 пайызы долларлық облигацияларға салынған.

Компанияның айтуынша, мұндай стратегия инвестициялық тәуекелдерді төмендетіп, зейнетақы активтерінің тұрақты табыстылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove