Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың Ресей мұнайына қатысты санкцияларды ішінара жеңілдетуі Мәскеуге соғысты жалғастыру үшін миллиардтаған табыс әкелуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Dala News.
Бұл туралы ол Франция президенті Эммануэль Макронмен өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
«Ресейге қарсы қысымды жалғастыру маңызды. Әсіресе АҚШ-тың теңіздегі танкерлерде тұрған ресейлік мұнайға қатысты санкцияларды ішінара жеңілдету туралы шешімі аясында. Осындай бір ғана жеңілдік Ресейге соғыс жүргізуге шамамен 10 миллиард доллар табыс әкелуі мүмкін. Бұл бейбітшілікке көмектеспейді», – деді Зеленский.
Еске салайық, 12 наурызда АҚШ Ресей мұнайын танкерлер арқылы жеткізуге қатысты кейбір санкцияларды 30 күнге уақытша тоқтатқан.
АҚШ Қаржы министрлігінің лицензиясына сәйкес, 12 наурызға дейін кемелерге тиелген ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу және сату рұқсат етіледі. Бұл рұқсат 11 сәуірге дейін күшінде болады.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл шешімге қатысты Вашингтон мен Мәскеудің мүдделері белгілі бір деңгейде сәйкес келгенін мәлімдеді.
