Қазақстанда қорғаныс технологиялары орталығы ашылды

Самал Асқар 13 нау. 2026 20:06

Алматыда Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың қатысуымен Defense Tech IT Park қорғаныс технологиялары орталығы ашылды, деп хабарлайды Dala News.

Жаңа орталық Армия үйі базасында іске қосылып, Қарулы күштер мен ұлттық қауіпсіздік жүйесіне арналған отандық технологиялық шешімдерді әзірлеу және енгізуге бағытталған. Жоба Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.

Таныстырылымға жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун, Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов, сондай-ақ IT саласы мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Defense Tech IT Park – Қорғаныс министрлігі 2022 жылдан бастап жүзеге асырып келе жатқан Defense Tech бастамасының жалғасы. Алаңда қазақстандық IT-компаниялар мен стартаптар цифрлық технологиялар, бейнебақылау жүйелері, деректерді талдау, телекоммуникациялар және спутниктік шешімдер саласындағы жобаларын ұсынды.

Дәурен Қосановтың айтуынша, орталықтың басты мақсаты – инновациялық әзірлемелерді әскерге жылдам енгізу.

Ал Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов жаңа алаң IT саласындағы студенттер мен жас мамандар үшін тәжірибе жинайтын орталыққа айналатынын атап өтті.

Қорғаныс министрінің цифрлық даму жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, Defense Tech IT Park жаңа технологиялық жобаларды іріктеп, идеядан бастап прототипке дейін қолдау көрсететін және оларды әскерде сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін платформа болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove