Qarmet компаниясының Көмір департаменті кәсіпорындарын жаңғырту бағдарламасы аясында шахталар тау-кен қазбаларын жүргізуге арналған жаңа жерасты техникасымен жабдықталды. Қазіргі уақытта «Шахтинск» шахтасының мамандары жеткізуші компания өкілдерімен бірлесіп жаңа КП-21 үңгу комбайнын сынақтан өткізіп жатыр. Жер үстінде бақылау жинағы мен сынақ жұмыстары аяқталғаннан кейін жабдық бөлшектеліп, жер астына түсіріліп, тікелей кенжарда қайта құрастырылып орнатылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа техника дайындық қазбаларын, тоннельдер мен штректерді жүргізуге арналған. Дәл осы жолдар арқылы кейін көмір мен жабдықтар тасымалданып, шахтаның желдетілуі қамтамасыз етіледі. Бұл жұмыстардың жылдамдығы мен сапасы жаңа өндіру учаскелерін уақытында іске қосуға тікелей әсер етеді.

Жаңа комбайндардың басты ерекшелігі — қашықтан басқару және цифрлық мониторинг жүйесі. Машина түрлі датчиктермен және деректерді беру жүйесімен жабдықталған, соның арқасында оның жұмыс параметрлерін нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Жабдықтың жай-күйі туралы ақпарат Wi-Fi арқылы шахта диспетчерінің пультіне жіберіледі.
«Жер үстінде отырып-ақ машинаның барлық жүйесінің жұмысын, сұйықтық деңгейлерін, жұмыс режимдерін және басқа да параметрлерін қашықтан бақылауға болады. Қажет болған жағдайда процесті Көмір департаментінің Диспетчерлік-талдау орталығының мамандары да қадағалай алады», — деді «Шахтинск» шахтасының өтпе жұмыстары жөніндегі бас инженерінің орынбасары Сергей Солохин.

Заманауи комбайн тау жынысын бұзуды әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз етеді. Машина электр жетегі бар қуатты кескіш жұмыс органымен жабдықталған және әртүрлі қаттылықтағы жыныстармен жұмыс істей алады. Жабдықтың құрылымы биіктігі 5,5 метрге дейінгі қазбаларды жүргізуге мүмкіндік береді. Бұзылған жыныс кіріктірілген тиеу бөлігі мен конвейерлік жүйе арқылы бірден тасымалдауға жіберіледі. Бұл жұмысшылардың физикалық жүктемесін азайтып, қазба жүргізу қарқынын арттырады.

«Шахтинск» шахтасының №2 дайындық жұмыстары учаскесінің бастығы Рүстем Имановтың айтуынша, жаңа комбайн үңгу жұмысын едәуір жеңілдетеді.
«Машинаны пайдалану және қызмет көрсету ыңғайлы. Бұрынғы КСП-32 комбайнымен салыстырсақ, онда тек қолмен басқару болған. Ал КП-21-де пульт арқылы қашықтан басқару қарастырылған, бұл жұмысты айтарлықтай жеңілдетеді», — деді Иманов.
Биыл Qarmet компаниясының Көмір департаменті КП-21 үлгісіндегі сегіз үңгу комбайнын алады. 2026 жылы департаменттің сегіз шахтасында шамамен 45 шақырым тау-кен қазбасын жүргізу жоспарланып отыр. Заманауи өтпелі комбайндарды енгізу дайындық жұмыстарының жоғары қарқынын сақтауға және жерасты көмір өндірудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
