Швецияның жағалау күзеті Балтық теңізінде Ресей портына бағыт алған тағы бір кеменің ұсталғанын хабарлады. Бұл жолы Бразилиядан шыққан Sea Owl I мұнай танкері тоқтатылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Швеция жағалау күзетінің мәліметінше, арнайы операция барысында құқық қорғау органдары мен полиция танкер елдің аумақтық суларына кірген кезде оның бортына көтерілген. Бұл туралы корольдіктің жағалау күзеті ресми сайтында хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Sea Owl I Комор аралдарының туы астында жүреді. Алайда швед тарапы кеменің сол елдің кеме тізілімінде тіркелмеген болуы мүмкін деп күдіктенеді. Осыған байланысты танкер жалған тумен жүруі мүмкін, яғни оның қауіпсіздігіне жауап беретін нақты мемлекет болмауы мүмкін. Сондай-ақ кеме Еуроодақтың санкциялық тізіміне енгізілген. Швед тарапының дерегінше, танкер бортында жүк жоқ.
Қазіргі уақытта кемеде тінту жүргізіліп, ондағы адамдардан жауап алынуда. Сонымен қатар жағалау күзеті танкердің теңізде жүзуге жарамдылығын тексеру бойынша алдын ала тергеу бастаған.
Ведомство таратқан ақпараттық анықтамаға сәйкес, соңғы жылдары Sea Owl I Ресей мен Бразилия арасында мұнай өнімдерін тасымалдаумен айналысқан. Ұсталғанға дейін танкер Бразилиядағы Сантус портынан Ресейдің Приморск портына бағыт алған. Жағалау күзетінің өкілі Маттиас Линдхольм де SVT телеарнасына берген сұхбатында кеменің Ресейге бара жатқанын мәлімдеген.
Алайда кемелердің қозғалысын бақылайтын MarineTraffic сервисінің дерегіне сәйкес, танкер Сантус портынан Эстония астанасы Таллин портына бағыт алған.
Айта кетейік, Sea Owl I - наурыз айында Балтық теңізінде Швеция билігі ұстаған екінші танкер. Бұған дейін құқық қорғау органдары Гвинея туы астында жүрген Caffa құрғақ жүк кемесінің бортына көтеріліп, тергеу жүргізген еді. Ол кезде де швед тарапы кеменің теңізде жүзуге жарамдылығына күмән келтіріп, теңіз тасымалы туралы заң бұзылған болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Батыс елдерінің пікірінше, Ресей мұнай, мұнай өнімдері мен сұйытылған табиғи газды санкцияларды айналып өтіп тасымалдау үшін «көлеңкелі флотты» пайдаланады. Ал Мәскеу бұл шектеулерді тиімсіз әрі заңсыз деп атап, оларды жоюды талап етіп келеді.
