Air Astana табысы күрт төмендеді

Самал Асқар 13 нау. 2026 15:35

Air Astana әуе компаниясының 2025 жылғы таза пайдасы 3,6 есе қысқарды, деп хабарлайды Dala News.

Компания есебіне сәйкес, таза пайда $13,6 млн болды. Бұл көрсеткіш 2024 жылы $49,4 млн болған.

Соған қарамастан, компанияның табысы 11,4%-ға өсіп, $1,454 млрд-қа жетті. Ал EBITDA көрсеткіші 0,8%-ға артып, $321,2 млн болды.

2025 жылы Air Astana 9,7 млн жолаушы тасымалдады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,9%-ға көп. Ұшақтардың орташа жүктелу коэффициенті 82,7% деңгейінде сақталған.

Компания мәліметінше, қаржылық нәтижелерге Pratt & Whitney қозғалтқыштарының жоспардан тыс ауыстырылуы әсер еткен.

Сонымен қатар 2025 жылы авиакомпанияның әуе паркі 62 ұшаққа дейін кеңейді.

Air Astana президенті әрі бас директоры Питер Фостер бұл оның соңғы есептік кезеңі екенін айтып, компанияның болашағына сенімді екенін жеткізді. Оның сөзінше, алдағы 15 айда үш жаңа Boeing 787-9 ұшағы жеткізіледі, сондай-ақ басқа да әуе кемелерін алу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Питер Фостер 2026 жылдың наурыз айының соңында Air Astana бас директоры қызметінен кетеді, алайда директорлар кеңесінің аға кеңесшісі ретінде жұмысын жалғастырады.

2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша компания акцияларының 41%-ы «Самұрық-Қазына» қорына, ал 37,53%-ы Citibank номиналды ұстаушысына тиесілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove