Түркия Қорғаныс министрлігі 9 наурыз, дүйсенбі күні НАТО-ның әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері Ираннан ұшырылған баллистикалық зымыранды Түркияның әуе кеңістігінде атып түсіргенін хабарлады, деп жазады Dalanews.kz Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, зымыран сынықтарының бір бөлігі Газиантеп провинциясындағы шөлейт аумаққа құлаған. Оқиға салдарынан қаза тапқандар немесе зардап шеккендер жоқ.
Түркия билігі елдің көрші мемлекеттермен тату қарым-қатынасқа және өңірлік тұрақтылыққа үлкен мән беретінін атап өтті.
«Алайда еліміздің аумағы мен әуе кеңістігіне бағытталған кез келген қауіпке қарсы барлық қажетті шаралар батыл әрі кідіріссіз қабылданатынын тағы да ескертеміз», - деп мәлімдеді министрлік.
Зымыран атып түсірілгеннен кейін Түркия президенті әкімшілігі Иранды өңірдегі шиеленісті ушықтырмауға шақырды.
«Өңірдегі жағдайдың ушығып кетпеуі және қақтығыстардың кең аумаққа таралмауы өте маңызды. Біз тағы да барлық тарапты, ең алдымен Иранды, өңірлік қауіпсіздікке қатер төндіретін әрі бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін әрекеттерден бас тартуға шақырамыз», - деді Түркия президенті әкімшілігінің коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран.
Айта кетейік, бұған дейін дүйсенбі күні Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи Иран қарулы күштері Кипрге, Түркияға және Әзербайжанға ешқандай шабуыл жасамағанын мәлімдеген еді.
