Орталық банктер мен инвесторлар неге жаппай алтын сатып алып жатыр - сарапшы болжамы

Кәмшат Тілеухан 28 қаз. 2024 12:02 1662

Халықаралық сарапшылар таяудағы жылдар (2025-2026 жылдар) әлем экономикасы үшін ең ауыр кезең болатынын айтып, болжап жүр. Тіпті, азық-түлік тапшылығы, тоқырау туралы да аракідік айтылып қалады. Мұндайда экономикалық қауіп Қазақстанға қай жағынан келуі мүмкін. Бұл ретте мамандар не дейтінін Dalanews сайтынан оқып-біле отырыңыздар.

Қаржыгер-маман Арман Бейсембаев қиын-қыстау кезеңнің келе жатқанын әлемдегі елдердің орталық банктерінің, сондай-ақ инвесторлардың алтынды көптеп сатып алып жатқанынан-ақ аңғара беруге болатынын айтады.

Forbes Kazakhstan-ның Youtube арнасына берген сұқбатында ол Ресей, Қытай, АҚШ және еуроаймақтағы экономикалық тәуекелдерге тоқталып, оның Қазақстан экономикасына тигізер салдарын жекелей атап өткен екен. 

"...РФ Орталық банкі белгілеген сыйақы мөлшерлемесі (21% - өте жоғары, бұл қымбатшылықты білдіреді) үш-алты айдан бір жылға дейін сақталады. Қазір әскери мақсатқа бюджеттен бөлініп жатқан зор шығындардың экономикаға нақты салдарын 2025 жылдың жазына қарай қылаң береді. Осы уақытта Ресей банкінің қазіргі сыйақы мөлшерлемесі экономиканы да қуып жетеді. Жағдай қиын. Егер Ресейде инфляция бақылаудан шығып кетсе, онда біздің жағдайымыз да мәз болмайды. Егер бір доллар 100-120 рубль болса, онда теңге де жүгенін үзеді", — дейді сарапшы.

Қытайға келетін болсақ, маманның пікірінше, жылжымайтын мүлік нарығындағы болуы ықтимал дағдарыс көпті қорқытып отыр. Себебі бұл нарықтың елдің ЖІӨ-дегі үлесі жоғары, 20 пайызды құрайды.

"Жылжымайтын мүлік нарығы құласа, банк секторы да құлайды. Егер олар оны ұстап қала алмаса, бұл бізге де, Ресейге де әсер етеді", — дейді сарапшы.

Тағы бір қауіп, сарапшының пікірінше, "екі жыл бойы инфляциямен күресіп, ал бүгіндері дефляцияның туындау қаупімен күресе бастаған" еуроаймақта болып тұр.  

"Дефляция инфляциядан да жаман, өйткені бұл іскерлік белсенділіктің "өлімін" білдіреді. Бұл да ауқымды дағдарыс", деп түсіндіреді ол.

Сол секілді, маманның пікірінше, АҚШ-тың жағдайы мәз емес.

"Жуырда АҚШ 800 мың жұмыс орны жоқ екенін анықтады. Сондықтан бұл деректерді статистикадан алып тастауға тура келді. Жалпы, АҚШ үнемі осылай жасайды, алдымен қандай да бір санды көрсетеді, содан кейін оны төмендетіп түзетіп жатады.  Мұнда, тіпті Google, Apple, Amazon, Facebook, Boeing, Intel, IBM сынды ірі корпорациялар жұмысшыларын ондаған мыңға қысқартты. Сонымен қатар, АҚШ-та 2022 жылдан бастап пайыздық мөлшерлемелер тез өсті. Сондықтан дағдарыс ФРЖ пайыздық мөлшерлемені төмендете бастағаннан кейін шамамен алты айдан 1,5 жылға дейінгі аралықта орын алады деген болжам негізсіз емес. Қазір штаттар рецессияға түсіп жатыр. Қазір олар пайыздық мөлшерлемені озық қарқынмен төмендете бастайды, өйткені тым көп жағымсыз белгілер туындауда. Егер олар рецессияға түсіп кетсе, ешкімге оңай болмайды. Теңгені де ұзаққа ұстай алмаймыз ондайда" деген Бейсембаев егер АҚШ-та, Қытайда рецессия орын алса, онда ол іскерлік белсенділікке соққы беретінін айтады.

Бұл өз кезегінде компанияларды консервацияға ұшыратады.

"Яғни логистика тоқырайды, қоймалар тауарға толады. Адамдар жұмыссыз қалады, халықтың тұтыныс қабілеті төмендейді. Бұл ақыры шикізатқа деген сұраныстың, яғни мұнай бағасының төмендеуіне және теңгенің құнсыздануына әкеліп соғады", - дейді сарапшы.

Арман Бейсембаев мұндайда инвесторлар алтынға көп таңдау жасайтынын айтады. Сөйткен олар қолайлы кезеңді күтуге мәжбүр болады.

"Алтын қазір өзінің тарихи шыңын игерді. Орталық банктер бұған дейін сатып келген алтынды көптеп сатып алды. Соған қарағанда олар бір нәрсені біліп отырған секілді. Қандай да бір дағдарысқа дайындықтары бар секілді ме, қалай", деп маман өз сөзін қарсы сұрақпен түйіндейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар