Облыста оқушыларға арналған «Өлкетану» оқулығы шығарылуда

Dalanews 25 шіл. 2018 06:09 1084

Түркістан облысының Өңірлік  коммуникациялар  қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы брифинг өткізілді. Брифингте облыстық жобалық кеңсесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды баяндап өтті.

Қазіргі таңда облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары бойынша 46 жоба, 168 іс-шара әзірленіп, жүзеге асырылуда.

«Өнегелі бір сағат» жобасы аясында тәрбиелік мәні зор іс-шаралар ұлттық құндылықтар насихатталды. Іс-шарада оқушылардың қоғаммен қарым-қатынасын нығайтуға, дүниетанымын кеңейтуге бағытталған тағылымдық әңгіме өрбіді. Онлайн режимдегі тағылымдық шарасы әр онкүндікте басқа да танымал тұлғалармен жүйелі түрде жүргізіліп тұрады.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің қатысып,  онлайн режимде, әрі бір мезетте 67260 оқушыға тағылымдық сабақ өтті.

«Өлкетану» пәні бойынша  облыстық конференция өтті. «Рухани жаңғыру» идеясы негізінде  өткен бұл жиында жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жағдайында ғылыми зерттеулер нәтижелері және тарих пен қоғамдық пәндерді оқытудың әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Алдағы уақытта  «Өлкетану» пәні бойынша өлкетанушылардың үздік сабақ нұсқаларының қоры жасақталады. Видеосабақтар әзірленіп, облыстағы мектептердің қолданысына енгізіледі.

– Облыстың тарихымен толық таныстыру мақсатында 2018-2019 оқу жылына арналған  5,6,7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығы шығарылуда. Жыл бойы «Өлкетану» бағыты бойынша «Туған жерге тағзым» акциясы жүйелі түрде жүргізіліп, облыс бойынша 11000 жуық оқушы қатысты. Оқушылар өз өлкесінің тарихымен танысып, туған жерге деген патриоттық сезімдерін ұштай түсті, – деді Б.Әшірбеков.

Сонымен қатар, тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы «Есімхан тұсындағы қазақ хандығы» тақырыбында ашық аспан астында сабақ өтті. Төлеби ауданында өткен бұл сабақта «Қазақстан тарихы» пәнін киелі жерлерде оқыту арқылы өлкенің тарихын, осы өңірде болған оқиғалардың ерекшеліктерін таныстыру, киелі орындарды зерттеу оқушылардың танымын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үйрету еді. Сабаққа 6-7 сыныптан 65 оқушы қамтылды.

«Абай даналығы» жобасы бойынша 1038  мектептен  «Абай әлемі» клубы құрылған. Бүгінде клубқа  20 760 оқушы мүшелікке қабылданған. Облыс көлемінде іс-шара ұйымдастырылып, белсенділігімен ерекшеленген аудан, қаладан  30 оқушы іріктелген болатын.

Осы орайда, 18-24 маусым аралығында Түркістан облысынан үздік 30 оқушы Семей қаласындағы Абай Құнанбайұлының туған өлкесіне саяхаттап  қайтты.

Танымдық іссапар Абай жатқан қасиетті өлке Жидебайдан бастау алды. Жидебайдағы Абайдың қорық-музейіндегі құнды жәдігерлермен танысты. Мұнан соң,  Абай, Мұхтар Әуезов,  Бөрлі мұражайларына, Абай, Шәкәрім кесенелеріне, амфитеатрға, Күшікбай ата бұлағы, Еңлік-Кебек кесенесі, Абай ауданындағы Қарауыл ауданындағы Құнанбай Өскенбайұлының ескерткішіне ат басын тіреді. Шығыс Қазақстанның табиғаты мен мәдениетін, қасиетті жерлерін көріп, патриоттық және азаматтық тәрбие алған оқушылар, ұлы ақынның мұраларымен тереңірек танысу барысында әсерге бөленгендерін жасырмады.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында  биыл  философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, антропология, журналистика салалары бойынша ЖОО студенттеріне арналған 18 оқулық аударылды. Қазіргі уақытта келесі 30 кітаптың аударма жұмысы жалғасып жатыр.

Бұл оқулықтар ЖОО студенттеріне арналған. Сатылымда жоқ. Алғашқы 18 оқулық 10 мың данадан  басылып, 110 жоғары оқу орнына тегін таратылды. Оның ішінде, Түркістан облысына 16000 дана кітап берілген. Қазір оқытушылар мен профессорлар, сала мамандары жаңа кітаптарды 2018-2019 оқу жылының бағдарламасына енгізуге арналған әдістеме дайындап жатыр. Сонымен қатар, оқулықтардың электронды нұсқасы әзірленіп, ол Қазақстанның ашық университеті – open U.kz платформасына жүктелді. Көпшілік осы жерден оқи алады. Сондай-ақ Ұлттық аударма бюросы әр кітап негізінде жеке-жеке 20 минуттық видеолекциялар топтамасын түсіріп жатыр.

Түркістан облысының қасиетті, киелі орындарының аңыз-әңгімелер жинағын шығаруға облыстық бюджет есебінен 5 млн. 580 мың теңге қаржы қаралып, бүгінде «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» атты 300-ге жуық аңыз-әңгімелер жинағы  шықты.

Жобалық кеңсенің байыпты бастамаларының бірі – «Алтын ұям»  жобасы бойынша 9 980 000 теңгенің жұмысы жасалып, әрбір азаматтың  туған ортасына деген құрметі өз жемісін берді. Яғни, мектепті бірнеше жыл бұрын тәмамдаған түлектер өздері білім алған орданың абаттануына және техникалық базасының жақсаруына қолқабыс көрсетуі.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар