1 қарашадағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 308,4 мың адамға жеткен. Бұл ретте биыл 268,6 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемнің жалпы сомасы 106,8 млрд теңге болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған адамдар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған адамға:
- eGov.kz порталында авторизациялану;
- "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
- онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінішті жіберу қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
Бұл қызметті онлайн режимінде Электрон еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
