Петропавл қалалық әкімдігі 340 миллион теңгеге екі жер үй сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы журналист Эльмира Каленова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналист мемлекеттік сатып алу сайтында осындай лоттар пайда болғанын атап өтті.
“Біреуінің ауданы 217, екіншісі 226 шаршы метрді құрайды. Петропавл қала әкімдігіне сұрақ: бюджет қаражаты тапшылығы кезінде мұндай қымбат үйлерді сатып алу не үшін қажет?“, — деп сауал жолдады ол.
Қалалық әкімдік журналистің сауалын жоққа шығармады және екі үйдің сатып алынатынын растады.
“Иә, расында да тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері екі үй сатып алып жатыр. Әр үйдің бағасы тәуелсіз бағалаумен 170 млн теңге болып белгіленген. Бұл үйлер қала құрылысы жоспарына сәйкес, әлеуметтік нысандарды дамыту үшін алынып отыр. Қазір Петропавлда 49 балабақша жұмыс істейді. Ал осы сатып алынған ғимараттардың орнына болашақта жаңа балабақша салу жоспарлануда. Ең бастысы – жаңа балабақша тұрғын үйлерге жақын орналасады. Бұл ата-аналар мен балалардың қолжетімділігі үшін жасалып отыр”, — делінген хабарламада.
