Бұлшықеттер мен буындар саулығына кері әсер ететін 10 әдет

Ақтоты Жапатова 17 қар. 2025 01:00

Біз бұлшықеттер мен буындар арқасында еркін қозғалып, спортпен айналысамыз және денемізді жеңіл сезінеміз. Бірақ олардың саулығына сіз ойламаған көптеген факторлар әсер етеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ағза дұрыс жұмыс істеуі үшін оған ақуыз, кальций, магний, D дәрумені, омега-3 май қышқылдары және коллаген қажет. Бұларды тек қоспалардан емес, теңгерімді тамақтану арқылы да алуға болады. Сондай-ақ күн сайын жеткілікті ұйықтау өте маңызды — дәл сол кезде ағза тіндерді қалпына келтіру процесін бастайды.

Ал кейбір күнделікті әдеттер буындар мен бұлшықет тіндерінің жағдайына кері әсер етеді. Ол қандай әдеттер?

1. Қолды жастықтың астына қойып ұйықтау

Бұл қалыпта ұзақ жату иық буынына артық күш түсіріп, жүйкелерді қысады. Қол табиғи емес жағдайда жатқандықтан, бұлшықеттер тартылады, таңертең ұйып немесе қозғалысы шектеліп оянуыңыз мүмкін. Бұл әдет уақыт өте келе мойын немесе иықтың созылмалы қабынуына әкеледі.

2. Спортпен айналыспау

Қозғалыс азайғанда бұлшықеттер икемсіз, ал сіңірлер қатайып кетеді. Бұл дененің қартаюын жылдамдатып, тіпті ауыр зат көтермей-ақ, қарапайым әрекеттер кезінде жарақат алу қаупін арттырады. Сондықтан тұрақты түрде жаяу жүріңіз, йога немесе жүзумен айналысыңыз. Күніне 20–30 минут жеңіл қозғалыстың өзі буындар мен бұлшықеттерді ұзақ уақыт сау сақтауға көмектеседі.

3. Шамадан тыс жүктеме алу

Өте ауыр жаттығулар да зиян. Үнемі үлкен салмақпен жаттығу шеміршектерді зақымдап, қабыну мен өмір бойы мазалайтын микрожарақаттарға себеп болуы мүмкін.

4. Жаттығуды қыздырынбай бастау

 

Қыздырынбай жаттығуды бастау — жарақат алудың тікелей жолы. Суық сіңірлер оңай созылады, ал кенет қозғалыстар спазм немесе тартылуға әкеледі. 20 минут жаттығу жасасаңыз да, 5–10 минут қызып алу керегін ұмытпаңыз: буындарға айналмалы қимылдар, бір орында тұрып секіру, динамикалық созылу. Бұл денені жаттығуға дайындайды.

5. Үстелде ұзақ отыру

Бір қалыпта көп отыру арқа мен мойын бұлшықеттерін қатайтып, қан айналымын нашарлатады. Нәтижесінде шаршау пайда болады, уақыт өте созылмалы ауырсынуға айналады. Әр сағат сайын орныңыздан тұрып, жеңіл қозғалыс жасаңыз: бірнеше қадам жүріп, иіліп, иықты айналдырып қойыңыз.

6. Ауыр сөмкені тек бір иыққа асу

Салмақтың тең бөлінбеуі омыртқаға зиян, бұлшықеттерді тарылтады және омыртқааралық дискілердің жылжуына әкелуі мүмкін. Ұзақ мерзімде дене асимметриясы пайда болып, оның салдары ауырсынуға ұласады.

7. Ыңғайсыз аяқ киім кию

Тік табан да, қатты биік өкше де буындарға бірдей зиян. Мұндай аяқ киімде күнде жүру тізе мен омыртқаға артық күш түсіріп, табанның табиғи амортизациясын бұзады. Сондықтан 2–4 см өкшесі бар, табаны ыңғайлы, тіреуіш бөлігі жақсы аяқ киім таңдаңыз. Қосымша ретінде ортопедиялық ұлтарақ қолдануға болады.

8. Бүкірейіп жүру, дұрыс отырмау

Бүкірейіп ұзақ отырғанда иық алға шығып, мойын бұлшықеттері шамадан тыс жұмыс істейді. Ары қарай — қысылулар, созылмалы ауырсыну және омыртқа қисайуы мүмкін.

9. Суды аз ішу

Буындарға да су қажет. Шеміршектер синовиальды сұйықтық арқылы «майланады». Егер ағза сусызданса, бұл сұйықтық қоюланып, буындар тез тозады.

10. Ауырсынуды елемеу

Дене белгілерін елемеу — созылмалы ауруларға апаратын әдет. Жарақаттанған немесе шамадан тыс шаршаған бұлшықеттер мен буындар өздігінен жазылмайды. Керісінше, жағдайды ушықтыра береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар