2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында әр азаматтың денсаулығын қорғауға құқығы бекітілді. Бұл құқықтың іс жүзінде қалай жүзеге асатынын және қазақстандықтардың қандай медициналық қызметтерге тегін қол жеткізе алатынын Qazaq Expert Club денсаулық сақтау саласының сарапшысы Гүлнафис Жүсіпәлиева түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының айтуынша, денсаулықты қорғау құқығы адамның дәрігерге алғаш қаралуынан емес, аурудың алдын алудан басталады.
«Қазақстанда белгілі бір жас санатындағы азаматтар үшін жатыр мойны обыры, сүт безі обыры және тоқ ішек қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған скринингтер тегін өткізіледі. Сонымен қатар артериялық гипертонияны, қант диабетін, липид алмасуының бұзылуын және жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторларын ерте анықтауға бағытталған профилактикалық тексерулерге ерекше көңіл бөлінеді», – деді Гүлнафис Жүсіпәлиева.
Оның айтуынша, балалар жыл сайын профилактикалық медициналық тексеруден өтеді. Ал созылмалы ауруы бар азаматтар диспансерлік бақылауға алынуға құқылы. Сондай-ақ екпелер Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі.
Сарапшының сөзінше, созылмалы ауру анықталған әрбір адам диспансерлік бақылауға тұра алады.
«Бұл дегеніміз – адамның денсаулығы тұрақты бақылауда болады, қажетті тексерулерден өтеді, дәрігердің қадағалауында болып, емдеу тәсілі уақытында түзетіледі. Өкінішке қарай, көптеген пациент бұл мүмкіндікті толық пайдаланбайды. Ал диспансерлік бақылау асқынулардың алдын алуға көмектеседі», – деді ол.
Гүлнафис Жүсіпәлиеваның айтуынша, көптеген қазақстандық өз құқықтары туралы толық ақпараттан хабарсыз.
«Әрбір пациент өзінің медициналық құжаттарымен танысуға, екінші дәрігердің пікірін алуға, диагнозы мен еміне қатысты сұрақ қоюға, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда медициналық араласуға келісім беруге немесе одан бас тартуға құқылы екенін бәрі бірдей біле бермейді», – деді сарапшы.
Сарапшы 40 жасқа толған азаматтарға өз емханасына барып, қандай профилактикалық тексерулер мен скринингтер қарастырылғанын нақтылап алуға кеңес берді.
«Қант диабеті, артериялық гипертония және кейбір онкологиялық аурулар бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан уақытылы тексеруден өту өте маңызды», – деді ол.
Жүсіпәлиеваның айтуынша, профилактика тек мемлекеттік скринингпен шектелмейді.
«Егер адам мемлекеттік скринингке жататын топқа кірмесе де, учаскелік дәрігеріне барып профилактикалық тексеруден өте алады. Дәрігер қауіп факторларын бағалап, қан қысымын, дене салмағының индексін өлшейді. Қажет болған жағдайда зертханалық талдауларға, электрокардиограммаға немесе бейінді мамандарға жолдама береді. Бұл әсіресе отбасында инфаркт, инсульт, қант диабеті немесе онкологиялық аурулар болған адамдар үшін өте маңызды», – деді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, қазіргі медицинада барлығына бірдей ортақ тексеру тізімі жоқ.
«Бүгінде профилактика адамның жасына, жынысына, тұқым қуалаушылығына, өмір салтына және бұрыннан бар ауруларына қарай жоспарланады. Сондықтан алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерімен бірге жеке профилактика жоспарын жасаған дұрыс», – деді ол.
Гүлнафис Жүсіпәлиева көптеген адамның профилактикалық тексеруді уақыттың жоқтығынан кейінге қалдыратынын айтты. Алайда заңнамада мұндай тексерулерден өту үшін қызметкерлерге әлеуметтік демалыс беру қарастырылғанын еске салды.
«Көпшілік денсаулыққа күтім жасау қымбат деп ойлайды. Негізінде бәрін қарапайым қадамнан бастауға болады: емханаға тіркелу, учаскелік дәрігермен танысу, жасыңызға сәйкес қандай тексерулер қарастырылғанын білу, қан қысымын тұрақты бақылау, көрсетілім бойынша вакцина салдыру және денсаулық мазаласа, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмау қажет», – деді сарапшы.
Сөз соңында Гүлнафис Жүсіпәлиева денсаулықты қорғау құқығы азамат өзіне берілген мүмкіндіктерді пайдаланған кезде ғана нақты жүзеге асатынын айтты.
«Бұрын адамдар денсаулық сақтау жүйесін тек ауырған кезде ғана еске алатын. Қазір медицина адамды тек ауырғанда емес, дені сау кезінде де қолдап, сүйемелдеуі керек. Меніңше, денсаулықты қорғауға қатысты конституциялық құқықтың қазіргі заманғы мәні дәл осында», – деп түйіндеді сарапшы.