Қостанай мен Сарандағы ірі өндіріс орындарының қызметкерлері Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты

Қостанай мен Сарандағы ірі өндіріс орындарының қызметкерлері Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты

QazTehna және Allur кәсіпорындарының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауға белсенді қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Саран қаласындағы QazTehna кәсіпорнында 900-ден астам адам еңбек етеді. Олардың көпшілігі сайлау учаскелеріне отбасыларымен бірге келген.

«Мен үшін әр сайлауға қатысу – елдің болашағына әсер ететін шешімдерді қабылдауға өз үлесімді қосу мүмкіндігі. Біз отбасымызбен бірге келдік. Осылайша балаларымыз да мемлекеттің қоғамдық өміріне белсенді араласудың маңызын түсінеді», – деді «QazTehna» ЖШС логистика жөніндегі директоры Бақытжан Алтаев.

Оның әріптесі, учаске шебері Санат Әшімов жауапкершіліктің тек жұмыста ғана емес, азаматтық таңдауда да маңызды екенін атап өтті.

«Мен өндіріс саласында жұмыс істеймін және күн сайын атқарған ісімнің нәтижесіне жауап беруге дағдыланғанмын. Мұнда еңбек ететін барлығымыз үшін бұл – қалыпты нәрсе. Меніңше, өз таңдауымызға да дәл сондай жауапкершілікпен қарауымыз керек», – деді ол.

Сайлау күні Қостанайдағы Allur зауытының ұжымы да жоғары белсенділік танытты. Бірі жұмыс ауысымы басталмай тұрып, енді бірі жұмыстан кейін сайлау учаскесіне барды. Ал кейбірі үшін дауыс беру отбасылық дәстүрге айналды.

№859 сайлау учаскесіне Шопановтар отбасы бірге келді. Олар – Allur кәсіпорнындағы еңбек династиясының өкілдері.

Бекежан Тілеуұлы – шебер, жұбайы Лайла Камиялқызы – мұрағат меңгерушісі, ал ұлы Рамазан сапаны бақылаудың ішкі үдерістерінің жүйелік бағытына жауап береді. Әрқайсысы зауытқа өз жолымен келгенімен, бүгін оларды тек ортақ жұмыс емес, отбасылық құндылықтар мен ел болашағына деген ортақ жауапкершілік біріктіріп отыр.

«Отбасымызда да, еліміздің өмірінде де маңызды оқиғалардың бәрін бірге өткізгенді дұрыс көреміз. Жұмыста әрқайсымыздың өз міндетіміз бар. Ал бұл жерге ел азаматы ретінде келдік. Болашақтың біздің ерік-жігерімізге, соның ішінде отбасымыздың қабылдаған шешіміне де байланысты екенін жақсы түсінеміз», – деді Бекежан Шопанов.

Рамазан Шопанов жауапкершілікке деген көзқарас ең алдымен отбасында қалыптасатынын айтты.

«Мен еңбек пен өз ісіңе жауапкершілікпен қарауды әрдайым жоғары бағалайтын отбасында өстім», – деді ол.

Қостанай мен Сарандағы машина жасау кәсіпорындарының ұжымдары үшін сайлауға қатысу – конституциялық құқықтарын жүзеге асырып, Қазақстанның болашағына өз үлесін қосу әрі азаматтық ұстанымын білдірудің мүмкіндігі болды.

Ел тарихындағы ірі оқиғалар әр азаматтың жеке таңдауынан құралады. Бүгін мыңдаған қазақстандық машина жасаушы өз таңдауын жасап, ел болашағына қатысты азаматтық ұстанымын білдірді.