Петропавлда ауладағы итті пышақтап өлтірген 47 жастағы тұрғын рақымшылыққа ілігіп, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Криминальный Казахстан" телеграм арнасының мәліметінше, оқиға 15 маусым күні Кәрім Сүтешев көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Тергеу мәліметінше, мас күйде болған ер адам Барсик есімді итке бірнеше рет пышақ сұғып, жануар оқиға орнында көз жұмған.
Күдікті көп ұзамай ұсталды. Ол тергеу барысында да, сотта да кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан.
Жануарға қатыгездік танытып, оның өліміне себеп болғаны үшін ер адамға 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған еді.
Алайда сот отырысында айыпталушы рақымшылық жасауды сұрап, өтініш білдірген. Сот оның өтінішін қанағаттандырып, қылмыстық істі тоқтатты және ер адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатты.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.