Алматыдағы жеңіл рельсті көлік желісі 2027 жылдың соңында іске қосылады. Бұл туралы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz 24.kz-ке сілтеп.
Жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асатын бұл желіде 34 аялдама болады. Ал оның орташа жылдамдығы сағатына 35 шақырымнан аспайды.
Бағыт Момышұлы көшесі бойымен Төле би көшесіне, одан әрі Абылай хан даңғылы арқылы екінші теміржол вокзалына дейін барады.
Қазір қалада ескі трамвай рельстері алынып, жаңа жолдың орны дайындалып жатыр.
"LRT құрылысы барысында заманауи тәсілдерді қолданамыз. Олай дейтініміз, вагондар батарея арқылы жүреді. Ал батареялар станциаларда қуатталады. Осылайша, аспалы электр желілерін орнату қажеттілігі туындамайды. Біздің желінің Астанадағы LRT желісінен айырмашылығы - биік эстакадалар болмауында. Сондай-ақ, бір жылжымалы құрамның сыйымдылығы - 285 адам", - деді Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Асан Бостанов.