Алматыдағы Есентай өзенінен мұнай өнімдерінің шекті рұқсат етілген мөлшерден жоғары екені анықталды. Алайда ластану көзі әзірге белгісіз, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматы қалалық Экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбековтің өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтуынша, мамандар Есентай, Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Басқарасу өзендері мен Сайран көлінің жағдайын тексерген.
Зерттеу нәтижесінде мұнай өнімдерінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу тек Есентай өзенінде тіркелген. Сонымен қатар топырақтан алынған сынамаларда зиянды заттардың шекті мөлшерден асқаны анықталмаған.
Экология департаментінің мәліметінше, биылғы алғашқы жартыжылдықта Алматыда 125 экологиялық тексеру жүргізіліп, 58 заңбұзушылық анықталған. Нәтижесінде 28 ұйғарым шығарылып, 165 әкімшілік хаттама толтырылған.
Істерді қарау қорытындысы бойынша жалпы сомасы шамамен 34 млн теңгеге 162 әкімшілік айыппұл салынған. Оның 19,5 млн теңгеден астамы өндірілген.
Сонымен қатар мамандар Алматыдағы экологиялық ахуалдың күрделілігіне назар аударды. Бұған дейін Наурызбай ауданындағы тұрғындардың шағымдарынан кейін жүргізілген тексерулер барысында денсаулыққа қауіпті бірқатар заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген деңгейден бірнеше есе жоғары екені анықталған.