Ниет болса, қоларба ештеңеге кедергі болмайды – Айман Бейсенова

Сұхаттасқан Қуаныш Ермекова 11 мау. 2024 18:20 6181

Айман 1 топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Ақтөбе қаласы тұрғынының өмірі қоларбаға таңылғанымен қала тіршілігінде өте белсенді. Жұмыс та жасайды, қаладағы барлық іс шаралардан қалмайды. Көлік те жүргізеді, тұрмысқа шығып, бала да сүйген. Ештеңеге қарамастан толыққанды өмір сүруді мақсат еткен, сол мақсатына жетіп те келе жатқан кейіпкеріміздің өмір жолы Dalanews.kz оқырмандарына үлгі болсын деген ниетпен арнайы сұхбат алған едік. Енді соған назар аударсаңыздар.

 

– Мүмкіндігіңізше жұмыс жасап, осы бір қоғамның дамуы жолында қызмет етсем, басқалармен тең мүмкіндігім бар екенін дәлелдесем деген ниетіңіз көңіл қуантады. Қазір қайда қызмет істеп жатырсыз? Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс барысында жағдай жасалған ба?

– Ақтөбе қаласындағы «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облысы бойынша филиалы №2 бөлімінің маманымын. Видеоқоңырауларға жауап беріп отырамын. Қазір бұл салада жұмыс істеп келе жатқаныма он жылдан асты.

Оның ішінде 2014-2016 жылдары Қызылорда облысы, Арал қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығында істедім. Жұмыс істегім келіп өзім Арал аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы атына жұмыс сұрап өтініш жаздым. Сосын ол кісі жұмысқа қабылдап екі жылдай істедім. Ол кездерде мүмкнідігі шектеулі жандарды енді енді жұмысқа тартып жатқан кездер болатын.

Кейін Ақтөбе қаласына қоныс аударуыма орай осы Ақтөбе қаласының ХҚКО-ның №2 бөліміне ауыстым. Қазір осы жерде еңбек етіп келемін. Бұл жерде менен басқа да I, II және III топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді. Осындай жерде жұмыс істеуіме мүмкіндік тудырып бергені үшін мемлекетке алғысым зор.

Мүмкіндігі шектеулі жанды шеттетпей жұмысқа тарту, оларға үлкен үміт сыйлайды. Басқалармен тең екенін ұқтырады. Жұмыс мүмкіндігі шектеулі жанды ынталандырады. Халыққа қызмет ету, көпшілікпен араласу да бізді ынталандырады. Жұмыс орнымда да барлық жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін қозғалысына, өзін басқалармен тең ұстауына көп қолайлы жағдай жасалған. Кіре берістерде арбамен өтуге ыңғайлы өткелдер орналастырылған. Біздің жұмыс орнымыз екінші қабатта орналасқандықтан жоғарғы қабатқа лифтмен шығуға мүмкіндік жасалған. Яғни, лифт екінші қабатқа біз үшін арнайы тоқтайды. Жүріп тұруымызға, ғимарат ішіндегі қозғалысымызға ешқандай кедергі жоқ.

Жұмыс орнымызда бірінші топтағы мүгедектегі бар мен ғана. Тағы бір бөлімде мүмкіндігі шектеулі екі адам қызмет істейді, олар екінші және үшінші топтағы мүгедектер.

Сондай-ақ, ХҚКО-ның №3 бөлімінде де қоларбамен жүретін бір жігіт бар. Бір сөзбен айтқанда ХҚКО-ы көптеген мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр. Бұл олар үшін берілген үлкен мүмкіндік. Өз басым осындай қызмет ететінімді мақтаныш етемін. Негізі осы қызметке келгенге дейін де бос жатқан күнім болған емес. Арбамен жүріп-ақ дүкен ашып алғанмын. Аралда үйіміздің алдында жеке дүкен ашып, соның жұмысын жүргіздім, саудамен айналыстым. Ешқашан басқалардан өзімді кем санап, мойыған емеспін. Қолым бос болған кезі болған жоқ.

Ниет болса екі қолға бір жұмыс табылады. Тек жалқауланбай еңбек ете беру керек. Мен жұмыс істеген сайын қанаттанамын. Тұрмысқа шығу кезінде де өзімді басқалардан кем сезінбедім. Сол ниетім тұрмысқа шығуыма ықпал етті деп ойлаймын.

Бала сүю кезінде де дәрігерлер көп қорқытқанымен өзім бірбеткейленіп, босанам деп отырып алдым. Қоларбамен жүрсем де үйде тыным тауып отырмаймын. Ешқашан үйде әрекетсіз, тірліксіз отырып көрмеппін. Барлық тірлігін үйдің өзім атқарамын. Негізі қоғам мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін қозғалуына жағдай жасаса олардың өзін басқалардан кем санауы кеми береді. Олар қанаттанып, өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезініп, дами түседі. Ол өз басымнан өткен, дәлелденген жағдай.

– Соңғы кездері мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан көптеген жағдайлар жасалып, жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен сіз қандай мәселелердің шешілгенін қалар едіңіз?

– Мүмкіндігі шектеулі жан ретінде үйдің кезегінде тұрғанымызға талай жыл болды. Алайда кезек өте жай жылжиды. Мүмкіндігіміз шектеулі болғандықтан қырып жұмыс істей алмаймыз бірнеше жерде. Өз бетімізше үй алу мүмкіндігіміз өте төмен. Біз тек мемлекеттің көмегімен ғана үй ала аламыз. Сондықтан мемлекет тарапынан үй кезегін жылжытуға көп көңіл бөлгенін қалаймыз.

Қазір үй кезегіне тұрғандар баспаналарын 15-20 жылдап күтеді. Тағдырдың тауқыметі аздай үй кезегін ондаған жыл күту деген азап қой. Ең  болмаса арзан пайызбен үйді 5-6 жылда алатын мүмкіндік жасалса екен. Жалпы заң жүзінде осыны бекітпесек, тұрғын үй кезегін жылдап күту қалыпты жағдайға айналып барады. Қаншама үй салынып жатыр. Бірақ «көктен киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайдының» кебімен кезегімізді жылдап күтеміз.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың ішінде де жұмыс істеуге қабілеттілері, жұмыс істеуге мүлдем қабілеттері жоқтары да бар. Жұмыс істеуге қабілетсіздері амал жоқ зейнетақыны, жәрдемақыны күтіп отырады. Сондықтан тек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бағдарлама ашылып, тұрғын үй кешендері салынуы керек деп ойлаймын. Ол үйлерде қоларбаға таңылған жандардың емін-еркін қозғалысына жағдай жасалса екен. Бүгінде елімізде салынып жатқан тұрғын үйлердің бағасы тым қымбат. Оның мүмкіндігі шектеулі жандардың қалтасы көтермейді. Жұмыс істеп жалақы алып жүрген біз секілді жандар төлем қабілетін дәлелдеп бере алады. Ал жұмыс істемейтіндер төлем қабілетін дәлелдей алмайды.

Дегенмен «Отау», «Наурыз» деген тұрғын үйге арналған бағдарламалардың пайызы жоғары. Мүмкіндігі шектеулі жандарға 7 пайызбен 15-20 жылға берілген күннің өзінде біздің ай сайынға төлеміміз 80 000-100 мың теңгеге шығып кетеді. Біз төлем қабілетімізді дәлелдей алғанымызбен, ай сайынғы төлемі қалтамызға ауырлық етеді. Мен «Бақытты отбасы» бағдарламасымен үйді алғанның өзінде 2 бөлмелі үй алсам 85 000-100 000 теңге аралығында шығып кетеді екен. Ал енді әкімдік арқылы тегін үйді аламыз деп күтіп отырғандай өміріміздің соңына жететін болдық. Осы бір өзекті мәселені оңтайландырып берсе жақсы болар еді.

Мен күнделікті жұмыс істейтін болғандықтан қаланың ішінде қозғалысым көп, бірақ қала ішіндегі пандустардың сапасы өте төмен. Стадионға барсақ та, кафеге, театрға, мұражайларға бас сұқсам да кіріп шығуым өте қиын. Қала ішіндегі кейбір үйлердің, ғимараттардың, кеңселердің пандустарының жағдайына көңілім толмайды. Пандуспен қамтамасыз еттік дей бермей, оның сапасына да көңіл бөлу керек.

Тіпті, кейбір үйлерде пандус жоқ мүлдем. Барарыңды барып алып, үйдің сыртынан қайтуға мәжбүрсің. Соңғы жылдардағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған ауыз толтырып айтарлық бір жағдай инвотаксилер. Тек осылардың саны көбейсе екен деген тілегіміз бар. Арнайы көліктер қала бойынша аздау болып тұр.

Көп жағдайда қолжетімді болмағандықтан үйден шыға алмай қалып жатамыз. Қазіргі таңда салыстырмалы түрде айтсақ мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық өте жақсы жолға қойылған деп санаймын. Бұрын мұндай мүмкіндіктер жоқ еді. Қаржылық қолдау да бар. Соны пайдаланып, мемлекеттен тиесілі жәрдемақыларды алып отырамыз. Жыл сайын оның көліме артып келеді. Мүгедектер күніне орай жергілікті бюджеттен бөлінетін көмек қаражатымыз да бар. Мемлекет тарапынан гигиеналық тегін заттар беріліп тұрады. Бұл да болса бізге үлкен көмек. Такси шақырсақ қоларбаларымыз сыймай қалатындықтан арнайы көлікпен жүреміз. Осы қоларбада отырғандарға арналған көлік тасымалы жетер жерімізге үнемі жеткізіп отырғанына ризамын. Алдағы уақытта осы «Инватаксилердің» санын көбейтіп, үйінде отырып қалған мүмкіндігі шектеулі жандарды мәдени орындарға, халықпен араласуға  алып шығудың жолдары қарастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Мүмкіндігі шектеулі жан үйде отырып қалмау керек. Оларды қоғаммен араласу алға жетелейді.

– Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жағдай жасалған? Қала инклюзивті жандарға қолайлы ма?

– Жалпы, соңғы жылдары инклюзивті қоғам құруға талпыныс байқалады. Инклюзивті білім секілді бағдарламалар соның айғағы. Пандустар көбейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған несиелер де көбейіп келеді. Бұның бәрі қолдау.

Дегенмен қала мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына толық қолайлы деп айта алмас едім. Жоғарыда атап өткендей мәселелер кездеседі. Инвотакси қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоғамдық бірлестіктер түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатады. Мұндай шаралардың маңызы зор. Бір-бірімізбен араласып, көңіліміз бәр сәт бөлініп, көңіл-күйіміз көтеріліп қалып жатады. Алайда кейбір мәдени демалыс орындарына, отбасылық кафе, аквапарктерге тегін кіре алмаймыз. Ең болмаса жеңілдік жоқ. Кейбір концерттерге, өнер орталықтарына кіргенмен қаладағы жалпы іс-шаралар қатыстырмайды.

Мәселен мен мәдени шараларды жақсы көремін. Тіпті «Екі жұлдыз» деген шарада Мәдина Сәдуақасовамен қосылып ән де айтқанмын. Шараның мақсаты әншілер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды дуэт етіп ән айтқызу болатын. Сол шарада Мәдина Сәудуақасовамен сахнаға қатыр шығып төбем көкке жеткендей болған еді... Сондықтан мүмкіндігінше мәдени шараларды тамашалағым келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қимыл-қозғалыс маңызды.

Осы орайда спорт кешендері қолжетімді болса екен. Бағасы біздің қалтаны көтермейді. Ең болмаса жеңілдік жасаса екен. Біз елу пайыз болса да жеңілдікпен кіруге жағдай жасалса жақсы болар еді.

Жалпы, қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандар бір бірімізбен жиі араласып тұрамыз. Қала бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қорғау және қолдау төрайымы Құралай Базарбайқызы бар мүмкіндікті жасап кездесулер ұйымдастырып тұрады. Қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоғамдық бірлестіктер де көп. Олар біздің мүддемізді қорғап, мәселелерімізді біздің тарапқа тиімді шешіп беруде. Бұл біз үшін үлкен көмек.

Мүмкіндігі шектеулі жандар көп жағдайда өздерінің құқықтарын қорғай алмай қалып жатады. Қоғамдық бірлестіктердің мұндай мәселелерге дер кезінде құлақ түріп, шешіп отыратынына ризамын. Жалпы жыл өткен сайын елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғауға жете көңіл бөлініп, қоғамдық орындарда барынша жағдай жасалып келе жатқаны қуантады. Бұл – елімізде қоғамның әрбір мүшесінің жайлы өмір сүруіне жағдай жасалып жатқанын аңғартады. Осы тұрғыдан келгенде біздің қоғамдағы құқығымыз да өз деңгейінде қорғалып жатыр деп айта аламыз.

Жалпы, өз басым тағдырлас жандарға құрметім жоғары. Мүмкіндігі шектеулі болып өмір сүру оңай емес. Алайда мен танитын тағдырлас жандардың барлығы еңбекқор, жігерлі, қайратты екен. Қоғамымызда аяқ-қолы балғадай, он екі мүшесі сау болса да маңдайы терлеп жұмыс істеуге қиналатын, бірақ өзі өмір сүріп отырған қоғамын жамандаудан жалықпайтын «диван батыр» жандар жетерлік.

Ал мен танитын мүмкіндігі шектеулі жандардың барлығы біреуге салмағын салғысы келмей, тырбанып еңбек етуде. Қоғамымызда балаларының жәрдемақысына күн көріп отырған отбасылар да бар. Мемлекет тарапынан төленетін балаларының жәрдемақысына иек артып, өзі еңбек еткісі келмейтін ер азаматтарымыз да кездеседі. Бұл шынымен ұят нәрсе ғой. Осы тұрғыдан келгенде қоғамның осындай масылдыққа бейім бөлігіне кереғар, қоларбаға таңылса да қоғамның басқа толыққанды мүшелеріндей, күні түні тынбай еңбек етіп, елге қызмет жасап, тіпті сондай мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан өмірге сәби әкеліп, қоғамдық жұмыстарға да араласып, өз өмірін де, қоғам өмірін де өзгертуге тырысып жүрген жандар құрметке лайық дер едім.

– Бұл жағдайға қалай ұшырадыңыз?

– 1993 жылы 1 мамыр күні Қызылорда облысы, Арал ауданында орталық алаңда құрылған алтыбақан үстіме құлап кетіп қоларбаға таңылдым. Содан бері 1 топтағы мүгедекпін.

– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз...

– Былтыр наурыз айында Өскеменнің Орта жүздің Бейбіт есімді азаматына тұрмысқа шықтым. Аллаға шүкір тіл табысып, шат-шадыман өмір сүріп жатырмыз. Қарақат есімді қызым бар. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» дейміз ғой. Уақыт өте жалғыздығымды сезіне бастаған соң отбасын құруға да шешім қабылдадым. Сондықтан қазір бақыттымын деп айта алам.

Кейбіреулер айтып «не деген мықтысыз, мына жағдайыңызға қарамай жұмыс та істеп, өмірге бала әкеліп, тұрмыс құрып» деп жатады. Мен өзімді ондай сезінбеймін. Тағдырдың басыма салғаны сол болса қабылдадым. Бірақ қолымнан келгенінше тырысып көрейін дедім. Бәрі өз орнымен болып жатыр. Ең бастысы ниет болса, қоларба ештеңеге кедергі емес екен.

– Сізді жабырқататын не жағдай?

– Көпшіліктің аяп қарауы дер едім. Басқалардан еш кем емеспіз. Еңбек етіп, өзімізді-өзіміз асырап, өмірге сәби әкеліп, отбасын да құрып жатырмыз. Бірақ сонда да біреулер кемсітіп қарап жатады. Немесе бірдеңемен айналысайын десең сенбейді. Оның бәрін түсініп тұрып, дәледеу қиын. Одан сайын жасытады адамды.

Негізі кемітпей, мүсіркеп қарамай, қолдап отырса біз бұдан да көп жетістікке жетер едік. Көп жағдайда қолынан келер ме екен деп күдікпен қарап тұратыны жанға батады. Осы орайда айтарым мүмкіндігі шектеулі жандар өте мықты болып келеді.

Қоғамға өзін дәлелдеймін деп жүріп үнемі тырмысады. Көп еңбектенеді. Олар мүмкіндігі шектеулі деген сөзбен шектеліп қалғысы келмейді. Мүмкіндігінің зор екенін көрсетуге тырысады. Сондықтан көп жағдайда айналамнан тек жылы сөз күтем, туыстарым қолдап, жылы сөздерін арнаса қанаттанып кетем. Тау қопаратындай күш пайда болады. Мұндай жағдайда бізді кім мүмкіндігімізді шектеулі дей алады? Сондықтан әрбір жаннан өзімен тең дәрежеде сөйлессе екен деп тұрамын. Мәселен қызды боламын деп ұмтылғанда «дұрыс ол өмір сүруге талпынтады, бала деген анаға күш береді» деп қолдағандар да, керсінше «өзің масылсың туыстарыңа, енді балаңмен қосылып масыл болмақсың ба» деп күндегендер де болды.

Қатты қиналдым. Ешкімге салмағымды салмауға тырысып келемін. Біріне қуанып, қанаттанып жүрсем, екінші бір сөздері жанымды құлазытып жіберетін. Сондықтан жан жағыма айтарым, мүмкіндігі шектеулі жақындарың болса ештеңе бөліп берме, садақа да тастама. Жай ғана қолда, қалғанын олар өздері жасап алады. Көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандарды айналасының сөзі мен көзі жасытып тастайды.  Осы нәрсені ескертіп, өтінгім келеді. Айналамда мүмкіндігі шектеулі болса да, он екі мүшесі сау адамнан артық тірлік жасап жүргендер жетерлік. Осыны қоғамымыз түсінсе екен.

Сұхбаттасқан Қуаныш ЕРМЕКОВА


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар