Әкежанның атап өткеніндей экс-президенттің Путиннен өзге жанашыры жоқ. Мәскеуге жиі-жиі барғыштап жүрген Назарбаев өзінің жалғыз қалғанын, жағдайдың мәз емесін жақсы түсінеді.
"Әлбетте, ол Кремльдің шапқыншылығын ақтамайды. Қантөгістің әділетсіз екенін біледі. "Орыс әлемінің" жүрген жерін ойрандап, опат әкелеріне көзі жеткен. Соған қарамастан, Путинмен қарым-қатынасын үзгісі жоқ. Себебі, одан өзге арқасүйері жоқ. Кремль көсемі Назарбаевтың бостандықта жүруіне кепіл боп отыр", – дейді Қажыгелдин.
Қазақтілді аудитория Қаңтар трагедиясының басты себепкері ретінде Назарбаевтың атын атайды. Отыз жылға созылған әділетсіздіктің ақыр соңы қантөгіспен аяқталған еді.
Шетелге заңсыз шығарылған капиталдың ізін кескен Қажыгелдин ұрланған ақша соңғы тиынына дейін мемлекетке қайтарылуы тиіс деп пайымдайды. Бұл мәселеде өзгелерге шүйлігіп, экс-президентті айналып өтуге әсте болмайды.
"Бәрін қайтару қажет. Соның ішінде Назарбаевтың қалтасын да қағып-сілку керек. Отыз жыл бойы тоқтаусыз тоналдық. Соның төбе басында тұрған тұлға жауаптан тайқып кетсе, ел түсінбейді. Халық бәрібір де қайтаруға мәжбүрлейді.
Түптеп келгенде осы күнге дейінгі әрбір әрекеті үшін жауапкершілік арқалайды, ел ештеңені ұмытпайды.
Бұған коммерциялық себеп те жеткілікті. Жаңа Қазақстанның қазынасы бос. Бәрін үптеп кеткен. Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан халықтың салығы есебінен өмір сүріп жатыр. Жер қойнауындағы игіліктен пайда көрмей отырмыз", – дейді ол.
Қажыгелдин заңсыз капиталды елге қайтарудың соңы азаматтық соғысқа ұласа ма деп қауіптенеді.
Назарбаев кланы оңай берісе қоймайды, жылдар бойы шетке тасығанын қызғыштай қорғап, Тоқаевтың өзіне тап беруі мүмкін.
"Ескі жүйе Қаңтарға дейін сатылған мұнай-газдың ақшасын талан-таражға түсіріп, тең бөліп алды. Мұнайдан түсетін пайда бар болғаны 30 пайыз. Соның өзіне ашкөздікпен ауыз салды", – дейді экс-премьер.
Әкежан мырза Тоқаевтың соңғы бір жылдың көлеміндегі тезистерін сүзгіден өткізіп, президенттің 3 мақсаты барын бөле-жара көрсетіпті.
"Ол мемлекеттің меншігін түгендеуге мүдделі. Оның тұсындағы Қазақстан саяси-экономикалық реформаны жүзеге асырып, әлемдік нарықта орын табу үшін жаңа тауарлар мен қызметтер ұсынуға тырысады. Үшіншісі, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барын салады", – дейді Қажыгелдин.