"Менің кезімде өршімеген еді". Аймағамбетов тренд қуатын мұғалімдерді сынап тастады

Сағыныш Сардарова 10 шіл. 2025 11:56

Халықтың сүйікті шенеуніктерінің қатарында болған қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов білім саласына қатысты маңызды сауалдарға жауап берді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жуырда Жоғары аудиторлық палата Оқу-ағарту министрлігіне қатысты 16 млрд теңге туралы ақпарат жариялады. Асхат Аймағамбетов бұл турасында былай дейді:

"Оқу-ағарту министрлігін тексердік, 16 млрд теңге кітаптар бойынша тиімсіз жұмсалған" дейді. Қалай тиімсіз жұмсалды? "Кітаптарды мерзімінен бұрын шығарған" дейді. 2021 жылы Әліппені қайтардық. Типтік оқу жоспарына өзгеріс енгіздік. Оны Сауат ашу емес, Әліппе дедік. Әліппе деген тек аты өзгерген жоқ, оның заты өзгерді, әдістемесі, балаға деген көзқарас өзгерді. Оны өзгерткеннен кейін, әрине, Әліппе деген жаңа оқулық шығардық. ...Өзін-өзі тану деген болды, бағдарламадан оны алып тастадық. Осы өзгерістерді кемшілік ретінде айтып отыр. Бірақ мұғалімдерден "тиімді шешім бе?" деп сұрасақ, менің ойымша, басым көпшілігі "тиімді шешім" дейді. Онда неге бұлай айтамыз? Алыпқашпа ақпарат көп. "Ойбай" деп аттандайтын ақпарат сияқты, 40, 400-500 млрд деп жазып қояды. Бірақ оны сараптай білу керек, неге, қалай болғанын түсіну керек. Бір жағынан сол ақпаратты тексеруші органдардың өздері де "жұмыс істеп жатырмыз, жалақыны босқа алып жатқан жоқпыз" дегенді көрсеткісі келеді ғой. Сондай бір үлкен ақпаратты хайп ретінде берген де деректер аз емес. Оны бергеннен кейін біздің халықта да "бәрін жеп жатыр екен, бәрі құрып жатыр екен" деген ой пайда болады. Ақты ақ, қараны қара деуіміз керек", - деді депутат  Adal Adam-ға берген сұхбатында.

Білім саласында тиктокер, блогер мұғалім-директорлар көбейгені қаншалық дұрыс? Депутат сауалға былай жауап берді:

"Ұстаздың бейнесі, иммиджі, беделі өте маңызды. Күнделікті күлкіге, әзілге айналдырып жіберсек, не болады? Рилстің аты - рилс. Әрине, жұмысты көрсету керек. Балалармен жақын қарым-қатынас болуы керек те шығар. Бірақ бәрі бірдей анекдот айтып, бәрі бірдей неше түрлі Instagram мен TikTok-тың трендтерінен қалмаймын деп жүргені сұрақ туғызады. Сондықтан министрліктің нақты ұстанымы болуы керек. Мен өзім министрлікте жұмыс істегенде, әріптестерім біледі, қатты қолдамайтынмын, сондықтан мұндай мәселе қатты өршімеген сияқты. Әр нәрсенің реті бар. Кез келген нәрсені рилсқа түсіріп, Instagram-да жариялау дегенді түсінбеймін", - деді ол.

Кейінгі кезде жекеменшік мектеп көбейді. Бұл жүйе өз-өзін ақтап жатыр ма, әлде бизнес құралы ма?

"Бізде мемлекеттік мектептер де, жекеменшік мектептер де бар. Мемлекеттік мектептердің өздерінде бес саусақ бірдей емес дейді ғой. Оларда да өте сапалы білім беріп жатқан мемлекеттік мектептер бар, тіпті жұмысын салғырт, өте төмен деңгейде ұйымдастырып жатқан мектептер де бар. Жекеменшік мектептерде де дәл сондай. Өте мықты, жақсы жұмыс істеп жатқан мектептер бар. Сапасыз мектептер де бар. Сондықтан сапалы, сапасыз мектеп деп бөлемін", - дейді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар