Енді мал есебін жүргізбесеңіз, еке есе айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сібір жарасын жұқтыру жағдайларына байланысты мал шаруашылығы саласында бақылау шаралары күшейтілмек. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, індеттің таралуына малдың тіркелмегені мен дер кезінде вакцинация жасалмағаны себеп болған.
"Бұл саладағы тәртіпті қатаңдатуымыз қажет. Мал иелері өз жауапкершілігін түсінуге тиіс, бейберекет мал өсіруге жол берілмейді. Мысалы сиыр бұзауласа, 7 күн ішінде бұзау есепке алынып, құлағына арнайы белгі тағылуы керек. Бізде автоматтандырылған жүйе бар, бірақ кейбір азаматтар бұл талаптарды елемейді. Жергілікті әкімдіктер мен жауапты органдарға тапсырма берілді, әр үйге барып, халыққа талаптарды түсіндіру қажет", – деді Сапаров Үкіметтегі брифингте.
Министрдің айтуынша, тек мал иелері емес, сонымен қатар, өздеріне сеніп тапсырылған аумаққа бақылау жүргізбеген ветеринарлар да, ветеринарлық құжатсыз мал сатқан сатушылар да жауапқа тартылады.
"Қазір тіркелмеген мал үшін салынатын айыппұл көлемі – 30 мың теңге. Ал базарларда құжатсыз, анықтамасыз мал сатып жүргендер бар. Оларға қатысты тіпті қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесі қаралып жатыр", – деп толықтырды министр.
Бүгінде заңға тиісті өзгерістер әзірленіп жатыр, оларды Мәжіліске депутаттар демалыстан оралған соң, күзде енгізу жоспарланып отыр.