Кәсіпкерлер салықтық тәуекелдерді басқару жүйесінің критерийлерін ашып көрсетуді сұрайды

Кәмшат Тілеухан 21 там. 2025 10:18

Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен өткен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында салықтық әкімшілендірудің өзекті қырлары қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2024 жылғы Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық саясатына жазалаушы көзқарастан бас тарту қажеттігін атап өтті. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында 2024 жылы мемлекет пен салық төлеушілер арасындағы серіктестік қатынастарды дамытуға бағытталған жаңартылған Салық кодексі қабылданды. Бизнес тарапынан салықтық міндеттемелерді жауапкершілікпен орындау бюджетке түсімдер жоспарын (трансферттерді есептемегенде) 0,7%-ға артық орындауға мүмкіндік беріп, салықтық тәртіптің нығайғанын көрсетті.

Маңызды кезеңдердің бірі – салықтық әкімшілендіруді цифрландыру мәселесі болды. "ИСНА", "SDF" ақпараттық жүйелері, кәсіпкердің бірыңғай жеке  кабинеті, сондай-ақ "e-Salyq Azamat" және "e-Salyq Business" мобильді қосымшалары енгізілді. Бұл салық органдарымен өзара іс-қимылды жеңілдетіп, процестердің ашықтығын арттырды.

"Алайда, фискалдық саясатты жүзеге асыру барысында кәсіпкерлерге түсетін жүктеменің, соның ішінде мемлекеттік бақылау шаралары арқылы артып отырғаны байқалады. Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы алты айында азаматтардан 2,7 млн-нан астам өтініш түскен, оның 250,5 мыңы Қаржы министрлігіне жолданған. Олардың 64%-дан астамы салықтық әкімшілендіру мәселелеріне қатысты, бұл қолданыстағы тетіктерді түзету қажеттігін айғақтайды".

Мысал ретінде тәуекелі төмен санаттағы компанияның негізсіз жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылып, жоспарлы тексерулер қатарына енгізілгенін атауға болады.

"Бұл ретте кәсіпкерлер қолданылған бағалау критерийлеріне қатысты түсіндірме ала алмаған. Қолданыстағы ережелер бойынша салық органдары критерийлер туралы нақты ақпарат беруге міндетті, алайда кәсіпкерлерге "жабық критерийлерге" сілтеме жасалады. Аталған критерийлерді қолданудың негізі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының бұйрығы болып отыр. Алайда, аталмыш құжат мемлекеттік тіркеуден өтпеген және ресми түрде жарияланбаған, бұл жайт Жоғарғы Сот қаулысымен расталды. Осыған байланысты оның заңдық күші күмән тудырып, кәсіпкерлердің алаңдаушылығын арттыруда", деп нақтылайды кәсіпкерлердің ұлттық палатасы.

Негізсіз жоғары тәуекел дәрежесін беру келісімшарттардың бұзылуына, клиенттердің жоғалуына, салалық рейтингтерден шығарылуға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар компаниялардың клиенттік базасының қысқаруына және қаржылық тұрақтылығының әлсіреуіне жиі себеп болады.

"Кәсіпкерлерден түскен өтініштер мәселенің жүйелі сипатқа ие екенін көрсетеді. Бизнес-қауымдастық пен сарапшылардың үндеулеріне қарамастан, жабық критерийлер туралы ақпарат беру мәселесіндегі Қаржы министрлігінің ұстанымы өзгеріссіз қалып отыр. Сонымен қатар, 2025 жылғы жаңа Салық кодексінде бұл критерийлердің құпия сипаты заңды түрде бекітілген, бұл өз кезегінде мемлекеттік саясатта жария етілген ашықтық пен құқықбұзушылықтың алдын алу қағидаттарына қайшы келуі мүмкін. Мұндай жабықтық Конституцияда және "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңда бекітілген салық төлеушілердің ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектейді", деп нығырлай түседі палатадағылар.

Кеңес отырысында тәуекелдерді басқару жүйесінің критерийлерін ашуды және құқықтық қайшылықтарды жоюды қоса алғанда, салықтық әкімшілендірудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарау қажеттігі айтылды. Бұл бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайтуға, әкімшілік қысымды азайтуға және тұрақты экономикалық өсімге ықпал етеді.

Негізгі қадамдардың бірі – салық жүйесіне қатысты барлық нормативтік-құқықтық актілердің міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі және ресми жариялануы болуы мүмкін. Бұл құқықтық айқындықты арттырып, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға жол ашады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар