
Астанадағы Оңтүстік Корея елшілігіне қарасты «Корей мәдениеті» орталығында «Фолиант» баспасынан шыққан «Кәріс ертегілері» кітабының тұсаукесері өтті.
Кәріс ертегілері қазақ тіліне алғаш рет аударылып отыр. Ал оқырманға жол тартқан туындының авторы – елімізге белгілі шығыстанушы, аудармашы, жергілікті және мемлекеттік басқару саласының маманы Дастан Ақаш.
Соңғы кездері екі елдің арасындағы экономикалық һәм мәдени байланыстың тамырына қан жүгіріп келеді. Кәріс ғалымдары өз кезегінде екі ұлттың арасында тұрмыста, болмыста өзара ұқсастық барын жиі айтып жүр. Бәлкім, бұл ұқсастықтың тамыры тереңде жатқан болар? Мұны алғаш рет қазақ тіліне аударылған кәріс ертегілерінен-ақ айқын аңғаруға болады.

Тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген кітаптың тұсаукесер рәсіміне екі елдің дипломаттары, оның ішінде Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі, бизнес өкілдері, қаламгерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Кітап авторы Дастан соңғы жылдары екі ел арасындағы мәдени-рухани байланыстың нығаюына айтарлықтай үлес қосып жүр. Дастан қазақ әдебиетінің классигі М. Әуезовтың шығармаларын ( оның ішінде «Көксерек» әңгімесі) алғаш рет кәріс тіліне тәржімалаған талантты аудармашы. Автор мұнымен шектелмек емес. Әзіргі күні «қазақша-кәрісше», «кәрісше-қазақша» сөздік, «Кәрісше-қазақша құрылыс сөздігін» дайындап жатқанын тілге тиек етті. Бұдан сырт жақын күндері «Корей бизнесі» деп аталатын еңбегі де жарық көрмек.
Думан Танабасов