Қасым-Жомарт Тоқаев православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтады

Ақтоты Жапатова 07 қаң. 2026 09:27

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz 

"Бұл жарқын мейрам адамдардың жүрегіне сенім мен үміт ұялатып, барша адамзатқа сүйіспеншілікпен қарауға үндейді. Әділдік, ізгілік, шынайылық, жауапкершілік, мейірімділік, үйлесімділік сияқты мәңгілік рухани құндылықтар христиан діні мен басқа да әлемдік дәстүрлі діндердің арқауы саналады. Православ христиандары еліміздегі конфессияаралық келісімді нығайтуға, өскелең ұрпақты отаншылдық пен еңбекқорлыққа баулуға және олардың бойына отбасы құндылықтарын сіңіруге елеулі үлес қосып келеді. Бірлік, тілектестік, өзара қолдау қағидаттары – мемлекеттік саясатымыздың ажырамас бөлігі, барлық жетістіктеріміздің мызғымас негізі. Жұртымыз бір-біріне құрмет көрсетіп, сенім мен жанашырлық таныта отырып, әділдік және өсіп-өркендеу жолында алға қарай нық қадам жасай береді", - деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Президент православ азаматтарға және барша қазақстандықтарға зор денсаулық, толағай табыс тілеп, әр шаңыраққа құт-береке тіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар