Венесуэланың уақытша билігі АҚШ-қа мұнай экспорттауға келісті

Ақтоты Жапатова 07 қаң. 2026 17:20

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланың уақытша билігі Америка Құрама Штаттарына 30–50 миллион баррельге дейін мұнай жеткізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz 

Трамптың айтуынша, бұл көлемдегі жоғары сапалы мұнай нарықтық бағада сатылады, ал түскен қаржыны ол жеке бақылауында ұстайды.

«Бұл қаражат Венесуэла халқы мен Америка Құрама Штаттарының игілігі үшін пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында менің бақылауымда болады», – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

АҚШ президенті бұл жоспарды дереу іске асыруды Энергетика министрі Крис Райтқа тапсырғанын айтты. Мұнай танкерлермен тікелей АҚШ аумағына жеткізіліп, ел ішіндегі қоймаларға түсіріледі.

Венесуэла әлемдегі ең ірі мұнай қорына ие елдердің бірі саналады. Ел аумағында жаһандық мұнай қорының шамамен 17 пайызы орналасқан. Алайда тиімсіз басқару, ұлттықтандыру саясаты және халықаралық санкциялар салдарынан қазіргі уақытта Венесуэла әлемдік мұнай өндірісінің 1 пайызына да жетпейтін көлемде ғана өндіреді.

Еске салайық, 2025 жылғы желтоқсанның ортасында Дональд Трамп Венесуэлаға бағытталған, санкцияға іліккен барлық танкерлерге толық блокада енгізген болатын. Ал 3 қаңтарда АҚШ әскерилерінің Венесуэла президенті Николас Мадуроны тұтқындауынан кейін Трамп мұнай эмбаргосының сақталатынын мәлімдеген еді.

Кейінірек АҚШ президенті америкалық мұнай компаниялары өкілдерімен Венесуэладағы жағдайды талқылағанын айтып, олардың елге қайта оралуға және мұнай саласын қалпына келтіруге мүдделі екенін жеткізді. Сонымен бірге Трамп АҚШ Венесуэланың табиғи ресурстарынан экономикалық пайда көре алатынын да атап өтті.

Айта кетейік, 5 қаңтарда Венесуэланың бұрынғы вице-президенті Делси Родригес уақытша мемлекет басшысы ретінде ант қабылдаған болатын. Ол бұған дейін елдің экономика және қаржы, сондай-ақ мұнай министрі қызметтерін қатар атқарған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар