АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау қызметі (ICE) Қазақстан азаматы Еламан Балтагереевтің ұсталғанын хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, ол 5 маусым күні федералдық серіктестердің қатысуымен жүргізілген арнайы операция барысында қолға түскен.
ICE таратқан ақпаратқа сәйкес, өткен жазда иммиграциялық сот судьясы Балтагереевті АҚШ аумағынан шығару туралы шешім қабылдаған. Алайда ол сот отырысына келмеген. Осыдан кейін оған қатысты депортациялау жөніндегі түпкілікті шешім күшіне енген.
Сондай-ақ АҚШ Иммиграция және кедендік бақылау қызметі Балтагереевтің «белгілі немесе күдікке ілінген террорист» ретінде ұсталғанын мәлімдеді.
Дегенмен ведомство жариялаған хабарламада оған нақты қандай айып тағылып отырғаны және мұндай мәртебенің қандай себеппен берілгені туралы мәлімет келтірілмеген.
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматы ICE қарамағындағы қамауда отыр. Ведомство өкілдерінің айтуынша, ол депортациялау рәсімі ұйымдастырылғанға дейін қамауда болады.