Мәскеу дрон шабуылына ұшырады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің мәлімдеуінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері 60-тан аса ұшқышсыз ұшу аппаратын жойған. Оның айтуынша, құлаған бөлшектер түскен жерлерде төтенше жағдай қызметтері жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ, бірқатар Telegram арналардың мәліметінше, 16 маусымға қараған түні Мәскеудегі төрт әуежайдың, яғни Шереметьево, Домодедово, Внуково және Жуковский әуежайларының жұмысына уақытша шектеу енгізілген. Таңертең барлық шектеу алынған.
Украиналық БАҚ дрондардың нысанасы Мәскеудегі ең ірі мұнай өңдеу зауыты болуы мүмкін екенін жазып жатыр. Кейін Сергей Собянин Мәскеу мұнай өңдеу зауытына зақым келгенін растады. Кәсіпорын Капотня ауданында орналасқан.
Бұл зауыт бұған дейін де дрон шабуылына ұшыраған еді. 2026 жылы мамырда болған оқиға кезінде 12 адам жараланды. Сол кезде Мәскеу билігі өндіріс жұмысына зиян келмегенін мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, 15 маусымда Киев те ауқымды шабуылға тап болды.