6 қаңтар күні Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бұған дейін із-түссіз жоғалған отбасының екі мүшесінің мәйіті табылды. Ал қараша айында олардың қыздарының бірін көрші аудандағы жанармай құю бекетінде бейнебақылау камералары тіркеген, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, жоғалып кеткендердің екеуінің денесі тұрғын үй ауласындағы қора маңынан табылған. Алдын ала болжам бойынша, мәйіттер сол жерде шамамен екі ай бойы жатқан. Қайтыс болғандардың нақты кім екені әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Жангелдин ауылында зейнеткер Мақсот Мұқанғалиев, оның жұбайы Насип Үтешқалиева және олардың 35 жастағы қызы Мейрамгүл мен 33 жастағы ұлы Наурыз өткен жылдың қазан айынан бері хабар-ошарсыз кеткен болатын. Туыстары олардың жоғалғаны туралы полицияға 25 желтоқсанда арызданған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, отбасы ешқашан күдік тудырмаған. Олар мал шаруашылығымен күн көріп, көршілерімен тату тұрған.
Туыстарының сөзінше, жоғалып кетер алдында отбасының ұлы Наурыз WhatsApp арқылы хабарласып, анасының сырқаттанып қалғанын айтып, үйдегі малды сатуға ұсыныс жасаған. Алайда ол тек мәтіндік хабарламалар жіберіп, бейне немесе дауыс байланысына шықпаған.
Сондай-ақ тергеу барысында отбасының тағы бір қызы 5 қараша күні таксимен ауылдан шығып кеткені анықталған. Ол кейін Индер ауданы аумағындағы жанармай құю бекетінде бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қазіргі таңда оның шетелге, нақтырақ айтқанда Өзбекстанға кеткені белгілі.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеу жұмыстарына полиция, құтқарушылар, сүңгуірлер және арнайы техникалар тартылған. Қазіргі уақытта тағы екі адамның тағдыры белгісіз.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс «Адам өлтіру» бабы бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
