Филиппиннің оңтүстік аралдарына жақын маңда магнитудасы 6,4-6,7 болатын жер сілкінісі болды. Қазіргі таңда қираған ғимараттар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ, деп хабарлайды Dalanews.kz "Reuters"-ке сілтеме жасап.
АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісі жер бетінен 10 шақырым тереңдікте, Хинатуан қаласына қарасты Бакулин ауылынан шамамен 68 шақырым шығыста болған.
Филиппиннің сейсмологиялық агенттігі ықтимал қираулар мен афтершоктар болуы мүмкін екенін ескертті. Алайда полиция мен құтқару қызметтері әзірге жер сілкінісі салдарынан ешқандай зақым немесе адам шығыны тіркелмегенін мәлімдеді.
Хинатуан қаласының полиция басшысы Джои Монатоның айтуынша, жер дүмпулері қатты болмағанымен, тұрғындар қауіптеніп, үйлерінен сыртқа шыққан.
Ал сейсмологиялық агенттік директоры Тересито Баколькол жер сілкінісінің эпицентрі 2025 жылдың қазан айында бірнеше күшті жер сілкінісі болып, жеті адам қаза тапқан аумақтан 10 шақырымға да жетпейтін жерде орналасқанын айтты.
Мамандардың хабарлауынша, 7 қаңтар күні цунами қаупі жоқ.
Айта кетейік, Филиппин аумағы Тынық мұхитының «Отты белдеуінде» орналасқан. Бұл өңірде жер сілкіністері мен жанартау атқылауы жиі болып тұрады.
