Ақмола облысында бес жыл бойы іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды

Самал Асқар 06 қаң. 2026 17:44

Ақмола облысының Шортанды ауданында жедел қызмет өкілдері мемлекетаралық іздеуде болған 45 жастағы шетел азаматын ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті алаяқтық қылмыс жасады деген күдікпен бес жыл бойы іздеуде болған. Қылмыстан кейін ол тергеуден бой тасалап, 2021 жылы Қазақстан аумағына келген.

Алдын ала деректерге сәйкес, іздеудегі азамат бірнеше жыл бойы елдің әр өңірінде жүрген. Ол Шымкент пен Астана қалаларында құрылыс нысандарында жалдамалы жұмыс істеп келген. 2025 жылдың желтоқсан айында Ақмола облысындағы Жолымбет кентіне келген кезде полиция қызметкерлерінің назарына ілігіп, сол жерде ұсталған.

Қазіргі уақытта полицейлер тексеру шараларын жүргізіп, істің өзге де мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу кезеңінде ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Күдіктіні іздеуді бастаған тарапқа беру мәселесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар