Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мал етін экспорттауға қатысты жаңа шектеулерді түсіндірді

Ақтоты Жапатова 07 қаң. 2026 17:00

Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мал етін шығаруға қатысты жаңа шектеулерді қолдану тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz 

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттеріне ірі қара мал етін әкетуге арналған квоталарды бөлу қағидалары күшіне енді. Аталған норма 2026 жылғы 30 маусымға дейін қолданылады.

ІҚМ етін экспорттауға арналған квотаның жалпы көлемі 20 мың тонна деңгейінде белгіленген. Квота тек меншікті бордақылау алаңындағы мал басын пайдаланатын ет өңдеуші кәсіпорындарға бөлінеді.

Бір заңды тұлғаға берілетін квота көлемі бордақылау алаңының қуатына байланысты айқындалады. Атап айтқанда:

  • бордақылау алаңының қуаты 5 мың бастан асса — 1 000 тонна;

  • 10 мың бастан асса — 2 000 тонна;

  • 15 мың бастан асса — 3 000 тонна;

  • 20 мың бастан асса — 4 000 тонна;

  • 50 мың бастан жоғары болса — 10 000 тоннаға дейін ет экспорттауға рұқсат беріледі.

Министрлік бұл шаралар толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдауға және сыртқы сауда операцияларының ашықтығын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар шектеулер ішкі нарық мүддесін қорғау мен мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық міндеттерінен туындап отыр.

Уақытша шектеулердің негізгі мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ет өнімін терең өңдеуді ынталандыру, статистикалық деректердің айқындығын арттыру және өнімнің шығу тегін қадағалау.

Министрлік мәліметінше, бұған дейін жекелеген компаниялар мен шағын сою цехтары малды бордақылаусыз қайта сатып, меншікті өндірістік инфрақұрылымды дамытпай жұмыс істеген. Мұндай тәжірибе алыпсатарлыққа жол ашып, ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімін бұрмалап, ет бағасының өсуіне әсер еткен.

Сондықтан квоталау тетігі мал өсірумен және бордақылаумен айналыспайтын экспорттық делдалдарды нарықтан ығыстыруға, ал өндірістік базаға инвестиция салып, технология енгізіп, жұмыс орындарын құратын нақты өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Сыртқы сауда қатысушыларына сандық шектеулерді бөлу, квотаның көлемі мен қолданылу мерзімін белгілеу орталық мемлекеттік органдар тарапынан уәкілетті органмен келісу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ішкі нарықтағы жағдайға жедел әрі икемді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, қабылданған бұйрық қазақстандық мал шаруашылығын ұзақ мерзімді дамытуға, ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және тұтынушылар үшін сапалы сиыр етінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар