Жетісуда Президент тапсырмасын іске асыру жолдары талқыланды

Dalanews 14 ақп. 2018 12:10 915

Бүгін облыс әкімдігінде аудан, қала әкімдерінің, облыстық басқарма басшыларының қатысуымен жиын өтті. Жиында Елбасының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалар мен жүктелген міндеттерді орындау мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқосуда облыс әкімі Амандық Баталов Мемлекет басшысының еліміздің экономикалық өсімі өткен жылдың қорытындысы бойынша 4 процент, инфляция 7 процент төңірегінде болғанына тоқталып, алдымызға бұдан да жоғары міндеттер қоюымыз керектігін тапсырғанын айтты.

– Елбасы алдымызға бірнеше нақты міндеттер қойып отыр. Атап айтқанда, экономикадағы қайта өңдеу секторының үлесін ұлғайту, өнеркәсіпке озық технологияларды енгізу мен кәсіпорындардың экспортқа бағытталуын арттыру, қолданыстағы Еркін экономикалық аймақтардың жұмысын сараптап, ЕЭА-ларды өңір экономикасына инвестиция тарту мәсеелсін баса айтты. Аталған бағыттар бойынша бізде жұмыстар басталған, ендігі міндет соны сапалы деңгейді әрі қарай жалғастыру. Яғни, транс ұлттық компаниялардың қатысуымен, сонымен қатар отандық және шетелдік инвесторларды тарту арқылы қолға алынған жобалардың жүзеге асырылуына ерекше назар аударуымыз керек. Сонымен қатар «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын одан әрі жүзеге асырудың механизмдерін нақтылап, қаржының тиімді жұмсалуын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды, – деді А. Баталов.

«Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде облыстың аумағынан өтетін 4 бірдей жолдың жуырда басталатын күрделі жөндеу жұмыстары мен құрылысы өңірдің дамуына айрықша ықпал ететінін де атап өтті. Талдықорған – Өскемен, Үшарал – Достық, Молалы – Балқаш жолдарының жөнделумен қатар Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының (БАКАД) құрылысы да басталады деп күтілуде.

Сондай-ақ, Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының барлық бағытының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Облыс әкімі бұл жөнінде сүт, ет өндіру мен өңдеуді, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық процестерін жылдамдатуды, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын азайту, өңірлерде, әсіресе ірі кәсіпорындарда еңбек құқықтары жан-жақты қарастырылған жұмыс беруші – жұмысшы – кәсіподақ үштігінің үш жақты еңбек келісімінің міндетті түрде болуын қадағалау мәселелеріне баса назар аударды. Аудан, қала әкімдеріне осы тапсырмалармен қатар, 2018 жылға әр өңірдің тұрғын үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу, шағын және орта бизнесті қолдау, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің талабы бойынша елді мекендер бюджетінің қалыптасуы мен оның орынды жұмсалуын бақылау,жаңа жұмыс орындарын ашу ісіне ерекше назар аудару ескертілді.

Осы жиында А. Баталов «Нұрлы жер» бағдарламасымен салына бастаған Талдықорғандағы коттедж қалашығының құрылысына қатысты сын айтты. Ондағы жұмыс істеп жатқан құрылысшылар саны мен жұмыстың атқарылу ауқымына көңілі толмаған облыс әкімі қала әкімдігіне жұмысты қузауды тапсырды.

Оған қоса өңір басшысы цифрландыруға жаппай кірісу керектігін еске салды. Мәселен,облыста қолға алынған «Жетісу 360» виртуалды жобасы арқылы қалаған адам Талдықорған қаласындағы екі музейді онлайн форматта тамашалай алады. Наурыз айының соңына дейін осындай форматқа облыстағы ірі музейлердің бәрі  енгізілмек. Цифрландырудың жарқын үлгісі ретінде жобаны тілге тиек еткен облыс басшысы А. Баталов барлық сала басшылары, аудан, қала әкімдері осындай жаңашылдықтарды қолға алуы керектігін қадап айтты.

Мұнан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары  Л. Тұрлашов, облыс әкімінің орынбасарлары, С. Бескемпіров, Ж. Тұяқов, Ж. Омар, облыс әкімі аппаратының басшысы Б. Байжұманов және облыстық басқарма басшылары сөз алып, өз салаларына қатысты жоспарларымен бөлісіп, түйіні шешілмеген, қолдауды қажет ететін мәселелерді талқыға салды.

Талқыланған және нақты тапсырмалар берілген бағыттар қатарында су тасқынының алдын алу шаралары, ирригациялық жүйелерді жөндеу, құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік маңызды нысандардың салыну сапасын бақылау, ана мен бала өліміне жол бермеу және басқа да мәселелер бар.

– Елбасы тапсырмаларының, Жолдаудағы айтылған 10 басым бағыттың негізінде 2018 жылғы жұмысымыздың жоспарын құрып, бағытымызды белгілеп алдық. Енді ең бастысы әркім өз жауапкершілігіне алған саласын бүге-шігесіне дейін қадағалап, жанашырлықпен жұмыс істесе, сонда ғана ісіміз алға басады, ілгері жылжиды, – деді А. Баталов қорытынды сөзінде.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/33458

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар