[caption id="attachment_12327" align="alignright" width="367"] Ақын Ардақ Нұрғазыұлы[/caption]
Ардақ Нұрғазыұлы
Өлеңнің аударылуына қатысты көзқарастағы алшақтық ұзақтан бері өмір сүріп келеді. Оны, негізінен, екі арнаға жіктеуге болады. Біріншісі, «Поэзия басқа тілге аударылғанда жоғалатын дүние» (Роберт Прост) деп қарайды. Екіншісі, «ұлы шығарманың басқа тілге аударылғанда өзін жоғалтпайтын қасиеті болады» (Дональд Дэвид) дейді. Ендеше, поэзия аударыла ма?
Гете «әлем әдебиеті» деген терминді айналымға кіргізген күннен таратып бүгінге дейін аударма әдебиеттің маңызды бір буынына айналып үлгерді. Онсыз бүгінгі әдебиет көп дүниені жоғалтқан болар еді. Сонау есте жоқ ескі замандардан таратып әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттер өзара байланыс барысында, олардың әдебиеттері де байланыста болып келді. Соның арқасында Шығыс пен Батыс әдебиетінің ежелгі ықпалдастығы орын алды. Оның жарқын бір мысалы ретінде А.Пушкин жазбаларында Орталық Азияға және қазақ әдебиетіне тән «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры сюжетінің кезігуін айтар едік. Бұдан байқарымыз әдебиет, поэзия аударылады, бірақ, ол өз заңдылығы бойынша өмір сүреді.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде әлем әдебиеті түрлі ұлттық әдебиеттердің өзара аударылатын үлкен бетбұрыс кезеңіне дөп келіп тұр. Айталық, соңғы орын алып жатқан жағдайлардан байқайтынымыз – поэзия әлемде кең таралған бірінші тіл – ағылшын тіліне аударылып, содан басқа тілдерге жалғасты аударылатын ерекшелік көзге түсуде. Бұны болашақ жаһандық әдебиеттің бүгінгі көрінісі деп қарауға болатын да шығар. Бұл алда аударма мәселесінің тіпті де даму болашағына ие екенін көрсетсе керек.
Батыс поэзиясын әсіресе, Батыстың модернистік дәуірден кейінгі поэзиясын аударуда орын алып отырған мәселелер әлі де жан-жақтылы зерттеуді қажет етеді. Француз, ағылшын, американдықтар поляктар, т.б. ұлттық поэзияны аударуда назар аудармай кетуге болмайтын мәселе олардың өзіне тән ерекшеліктерін игеруге барып саяды. Бұл ерекшеліктерді ескермеген жағдайда, жоғарыдағы ұлттық поэзиялар жаһандану дәуірінде, модернистік-постмодернистік кезеңде біздің ұлттық тілге өз деңгейінде аударылып, сіңеді деп айта алмас едік. Жоғарыдағы ұлттық поэзиялар модернизм және постмодернизм дәуіріне қатар, құйрықтістесіп кіргенімен, олардың бір-біріне ұқсамайтын дара ерекшеліктері бар. Айталық, француз поэзиясы Бодьлер, әсіресе, Артур Рембодан тартып Сен-Жон Перс, Рене Шар, одан бүгінгі Ив Бонфуаға дейінгі поэзиясында прозалық өлеңнің (prosepoem) ықпалы басымдық алатынын ескермей болмайды. Бұл ерекшелікке түрлі модернизмнің ықпалының болуымен қатар, ерекше атап өтуге тұратыны өткен ғасырдың 20, 30 жылдарында орын алған сюрреалистік бағыттың әсері деуге болады. Қазақ әдебиеттануында, қазақ поэзиясында тарихи себептерге байланысты prosepoem, verslibre (верлибр) деген ұғымдардың әлі де зерттеліп, тұрақтанып, өз орнын таппаған дүние екенін ескерсек, француздың осы заманғы поэзиясын аударуда біздің істегенімізден істемегеніміздің әлі де көп екенін аңғарамыз.
Соған ұқсас, ағылшынның осы заманғы поэзиясын аударуда да біз назар аударуға тиіс түйіндер бар. Өткен ғасырда ағылшын поэзиясына Е. Панд, Т. Элиот бас болған модернистік поэзия айрықша ықпал етті. Соған қарамастан ағылшын әдебиетінде Томас Харди, Филип Ларкин, Тед Хьюз, т.б, ақындар дәстүрлік поэзияның үлгісін сақтап, одан ары жалғады. Өлеңде форманың тұрақтылығы мен ұйқасқа баяғысындай басымдық берді. Алайда, бұл арада басын ашып алуға тиісті түйін Т. Хардидің өлеңі мен Ф. Ларкин, Т.Хьюздің өлеңін өзгермеген бір кездегі дәстүрлік өлең деп қарауға келмейді. Ғасыр басындаТомас Харди сол тұста өзіне дейінгі дәстүрлі ақындардың шығармасына жаңалық әкеліп, соған дейінгі өлеңдерге ұқсамайтын «жаңа» өлең жазса, сол сияқты ғасырдың ортасы мен соңында Филип Ларкин, Тед Хьюздер де өз кезеңінің айқын ерекшелігі бар өлеңдер жазды. Шығармашылығында заманның, әсіресе, Е. Паунд пен Т.Элиот бастап кеткен модернистік поэзияның ықпалы бары ерекше көзге түсіп тұрады. Ал, бұл ерекшелікті ескермей, осы заманғы ағылшын поэзиясын өзімізге таныс «таза дәстүрлік поэзия» деп қарап, дәстүрлік таныммен аударсақ, онымен біз ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмауымыз мүмкін.
Жыйып келгенде айтарым, жаһандану дәуірінде ұлттық поэзияны өзара аударуда дәстүр мен өзгерістің тепе-теңдігін мықты игеріп, жекелеген авторлар мен шығармалардың келіп-шығу тарихын тереңірек зерттеп, өзіміздің осы заманғы поэзия туралы көзқарасымызды жаңарта отырып аудармамен айналысуымыз тиіс деп ойлаймын. Көпшілік тыңдарманға рахмет!