Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева 2025 жылғы блиц шахматтан әлем чемпионатында жеңіске жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетейік, блиц - жылдам шахматтың бір түрі.
Финалда қазақстандық спортшы украиналық Анна Музычукты төртінші, шешуші партияда жеңді. Бұған дейінгі үш партия тең нәтижемен аяқталған.
Турнир Қатар астанасы Доха қаласында өтті. Асаубаева алдымен швейцариялық жүйе бойынша өткен кезеңде 15 турдың қорытындысы бойынша бірінші орын алып, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда ол қытайлық Чжу Цзиньэрге қарсы ойында толық басымдық танытып, үш партияны қатарынан жеңіп шықты.
Финалда Бибісара Асаубаева Украина өкілі Анна Музычукпен кездесті. Алғашқы үш партия тең аяқталып, төртінші, соңғы партияда қазақстандық шахматшы қарсыласын тізе бүктіріп, чемпион атанды.
Осылайша Бибісара Асаубаева блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанған Қазақстан тарихындағы алғашқы шахматшы болды. Бұған дейін ол 2021 және 2022 жылдары да әлем чемпионатында топ жарған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны шахматтың блиц түрінен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.
"Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді. Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады.
Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым, – делінген құттықтауда.
