Жамбыл облысының полицейлері кәмелетке толмаған балалардың өз еркімен үйден кету деректерінің артуына байланысты ата-аналарды балаларына көбірек көңіл бөліп, отбасындағы қарым-қатынасты күшейтуге үндеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полиция дерегінше, 2025 жылы өңірде осындай 260 жағдай тіркелген. Оның ішінде ең көп дерек 11–15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында – 180 факт. Ал 16–17 жастағы балалар арасында – 72 жағдай, 6–10 жас санатында – 24 дерек анықталған. Сонымен қатар 2–5 жастағы балаларға қатысты да жекелеген оқиғалар болған.
Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, балалардың үйден кетуінің басым бөлігі эмоциялық себептерге және отбасылық жанжалдарға байланысты туындайды. Осындай сипаттағы 104 дерек тіркелген. Кей жағдайларда әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтар да әсер еткен.
Полиция өкілдері мұндай оқиғалардың алдын алу отбасындағы сенімге, жылы қарым-қатынас пен баланың эмоциялық жағдайына көңіл бөлуден басталатынын атап өтті.
