Қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша Астанада LRT желісін салуға республикалық бюджеттен 329,6 млрд теңге жұмсалды. Бұл – биылғы жылға жоспарланған қаржының 99,2 пайызы, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, аэропорттан елорданың жаңа теміржол вокзалына дейінгі жеңіл рельсті көлік желісін қаржыландыру көлемі былтырғы көрсеткіштерден бірнеше есе асып түсті. 2024 жылы LRT құрылысына 28,4 млрд теңге,2023 жылы 52,4 млрд теңге бөлінген.
Барлық жағдайда қаражат Ұлттық қордан мақсатты трансферттер есебінен бағытталған.
Шығын көлемі бойынша LRT жобасы көлік саласындағы ең ірі бюджет жобаларының біріне айналды. Оның құрылысына жұмсалған қаржы көлік және коммуникациялар бағытына бөлінген республикалық бюджет шығыстарының шамамен үштен бірін құрады.
Салыстыру үшін:
2025 жылы автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстауға 258,5 млрд теңге, Алматыдағы рельсті көлік инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде метро құрылысына 25,6 млрд теңге бөлінді.
Астанадағы LRT жобасы 2017 жылы Қытайдың Даму банкінің $1,5 млрд көлеміндегі несиелік желісі есебінен басталған. Алайда 2018 жылы "Астана" банкі лицензиясынан айырылғаннан кейін, заем қаржысының бір бөлігі сол жерде сақталғанына байланысты жобаны қаржыландыру тоқтатылды.
2019 жылы сыбайлас жемқорлық дауына байланысты құрылыс тағы да тоқтатылды. Сол уақытқа дейін құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 15 пайызы ғана орындалған. Сот шешімімен келісімшарт бағасының негізсіз көтерілгені және 5,8 млрд теңгенің ұрланғаны анықталды.
Құрылысты қайта жандандыру 2023 жылы басталды және бұл жолы жоба бюджет есебінен қаржыландырылды. LRT іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген.
Жүйенің сынақ режіміндегі жұмысы 2025 жылғы қыркүйекте басталды, ал толық пайдаланысқа беру 2026 жылға жоспарланып отыр.
