Инсульт алып аураханаға түскен актер Мұрат Бисембиннің жағдайы белгілі болды

Көркем Алдабергенова 31 жел. 2025 09:29

Актер Мұрат Бисембиннің жағдайы тұрақталып, ол ауруханадан шығаруға дайындалып жатыр. Бұл туралы Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Инсульт орталығының меңгерушісі Азиз Исмаиловтың айтуынша, науқас ауруханаға ауыр хәлде жеткізілген. Барлық қажетті ем-шаралар жүргізіліп, қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақталған. Енді актер одан әрі ем қабылдап, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы дәрігерлерінің бақылауында болу үшін үйіне шығарылмақ.

Актердің қызы Диана Булатова аурухана ұжымына және қолдау білдірген қазақстандықтарға алғысын айтты.

«Қазір мені аурухананың барлық медицина қызметкерлеріне және бізді қолдап, әкемнің сауығып кетуіне шын жүректен сеніп отырған жандарға деген ризашылық сезімі кернеп тұр. Алла қаласа, келесі жылы жақсы жаңалықтармен ораламыз. Баршаңызға көп рақмет», - деді Диана Булатова.

Еске салайық, бұған дейін Диана Булатова әлеуметтік желіде жазба жариялап, әкесі, танымал актер Мұрат Бисембиннің инсультпен ауруханаға түскенін хабарлаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар