Қазақстан Жазушылар одағының,
Еуразия Жазушылар одағының мүшесі.
Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі
– «Қаралы көш» кітабы жақында ғана түрік тіліне аударылып, Стамбулда болып келгеніңізді білеміз. Аталған кітабыңыздың аудармасы және өзге ұлт өкілдерінің қабылдауы хақында не айтар едіңіз!
– «Қаралы көш»-тен бұрын балаларға арналған «Ақ балапан» кітабым, т.ғ.д. профессор Әбдуақап Қараның дайындауымен сол елде латын әрпінде жарық көріп еді. Кейіннен АҚШ-тың Амозонка кітап сайтына ілінгенін естідім.
«Қаралы көштің» түрік тіліне аударылуына, басылуына Қазақ-Түрік Білім және Зерттеу қауымдастығының төрағасы Серхан Дінтүрік мырза мұрындық болған екен. Түрік тіліне аударған Нұргүл Берікболова. Аудармашының Стамбулда осы кітап жайындағы конференцияда айтуына қарағанда қатты қиналған көрінеді. «Өзім Шығыс Қазақстандық болғаным себепті бұл оқиғаға бір табан жақын болдым. Әрі білмеген сөздерім мен салт-дәстүрге қатысты жерін телефон арқылы апаммнан сұрап отырдым. Кітапты аударып отырып екі етегім жасқа толып, аударманы тоқтатып қойған кездерім де болды» дейді Н. Берікболова.
– Жалпы, бұл кітапты жазу барысында өзге тілдерге аударылуын ойладыңыз ба?
– Көп ата-ана әуелі балалы болсам, сосын сол балам жақсы азамат болса дегенді армандайды. Шығарма авторы да өз шығармасының тудырыушы, жанашыры. Осы кітапты жазған кезде мен өз халқымды ғана ойлап қойған жоқпын. Өзге ұлт тіліне аудырылғанда олар қалай түсінеді, қазақтарды қалай бағалайды дегеннің бәрі де ой елегінен өтті. Тіпті қызығы әуелі түрік тіліне, содан кейін ағылшын, неміс, орыс, т.б. тілдерге аударылады, сол кезде олар таңдана, тамсана оқысын деп, қазақты, оның қанды тарихы мен сол қанкешу күнге көрсеткен қарсылық, ерлігін танысын деп, оның арғы жағындағы түркі бірлігін ұқсын деп ойладым.
– Түрік тіліне аударылуы сол ойыңызға сәйкес келді ме?
– Адам туған халқын жан-тәнімен сүйсе, және оған шынайы ет жүрегімен еңбек етсе, онда ол сол халықтың ұлы ретінде өз борышын адалдықпен атқарып, дегеніне жете алады. Өзінің алдына биік мақсат, мұрат қоя білген талай қазақ қаламгері сол биікті бағындыра алды.
Кітаптың түрік тіліндегі оқушылары оның қазақтардың ғана емес, түркі әлемінің бағалы еңбегі ретінде қабылдады. Тіпті, ары қарай өзге тілдерге аудару ойларының барын да жасырмады. Сол себепті де аздап мақсатыма жеткендеймін.
– Жалпы бүгінгі әдебиеттегі аудармаға қалай қарайсыз?
– Жазушылар үш түрлі. Бірі өзі үшін ғана өмір сүруге бейім, екіншісі, өзі үшін де, халқы үшін де керекті қаламгерлер. Үшіншісі, өзін тек халқына арнағандар.
Бүгінгі әдебиеттің өзі үшін ғана өмір сүретіндері шетелдің озық әдебетін түпнұсқадан өзі ғана тыққыштап оқиды. Жеке бас пайдасының фәлсапасына керектенеді. Ал екінші топқа жатушылар аударманы белгілі мақсат үшін ғана аударады. Үшінші топ өзгенің керемет бір дүниесін көрсе жерден жеті қоян тапқандай қуанып, халқына айна еткісі келеді. Олай болса аудармаға адалдық керек, адалдыққа қоса ашы тер, бейнетті еңбек керек.
Өз кезіндегі Әбіш, Қалихан сынды қара сөздің қаймағын қалқитын қаламгерлердің дүниесі ғажап еді. Олар Иван Бунин, Михаил Шолохов, Андерсон, Мопассан, Жвил Берн, Чехов, Гогол, Тургенов, Пушкин, Байрон, Максим Горький, Толстой, Габриэль Гарсиа Маркес, Эрнест Хемингуэй, т.б шетел қаламгерлерін қазақша сайрататын.
Пушкиннің прозасын және Михаил Шолоховтың «Көкше дала», «Тынық Дон», Иван Бунинның шығармаларын қазақ жазуышсыныкіндей жылы қабылдамау мүмкін емес.
Ал қазіргі аудармаға көңіл толмайды. Көбі кедейдің қосынан шыққан қарабайыр дүние. Аудармашының өзі кедей, сөзі кедей болғасын оқырманын жарытпайды. Жарқыраған алтынды мыс қылып көрсетеді.
– Ендеше аударма қалай болғаны жөн деп ойлайсыз?
– Аудармада уақыт пен сапа қатар жүруі керек. Уақыт дегеніміз қажеттілікті қанағаттандыру үшін бүгінгі әдебиетті, дәп бүгін, қолма-қол аудару қажет дегенді білдіреді. Бұл тұрғыдан бүгінгі қытай әдебиетін үлгі санауға болады. Олар әр күнгі жаңа, жарқыраған асыл көрсе, оны сол күні халықа көрсетеді. Әлем әдебиетінің озық үлгілерін оқырманға дәл уағында жеткізеді. Тек қытай тілін ғана білетін оқырмандар әр күні әліемәдебиетінің озық үлгілерімен танысып отыр деуге болады.
Екінші, аудармашы өзіне екі ұлттың жүгін қатар арқалап алғанын біліп, сапаға ерекше көңіл бөлуі керек. Өзін тәрбиелеп, өсіріп, туысқан ұлттардағы аударманың да өзгеше, ерекше өнегесі болса сарапқа салып дегендей өсу жолында болуы тиіс. Бүгінгі бір көпірден алдамалап өтіп кеткеніңмен одан араы қияметтің қыл көпіріндей – халақ таразысы, ойлы оқырманның қырағы көзі бар. Халықтың тағдыры, әдебиеттің парызы бар.
Елімізде әлемге бет алу, әдебиеттің орнын көтеру үрдесі енді басталды. Батыл жүрек, тағалы талант, тозбас жүйке болса ешкім қолыңды қақпайды.
Өз ұлтыңды өзгеге жеткіз. Өзгенің өнегесін өзіңе оқулық ет. Абай дәуірінен басталған аудармамыздың алтын ғасырға басқан мына күнде кемелді кезге келетін уақыты жетті. Бәрі бар. Тек маңдай терді, таңдай сөлді сығу керек болып тұр.
– Рахмет!
Әңгімелескен, Н. ТІЛЕУҚАБЫЛ