Шұрайлы Шығысқа барған жан Өскемен қаласындағы этноауылды міндетті түрде көруі тиіс. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері шоғырланған Шығыс Қазақстан облысының табиғатын тамашалағысы келгендер Өскеменге аяқ басқанда ең әуелі қаланың көркіне көрік қосқан этноауылды тамашаламай кетсе, өлкенің сырға толы тарихынан толық хабардар болуы неғайбыл. Бұл саябақ – осы өңірдегі халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, кәсібі мен тарихынан жан-жақты мағлұмат беретін бірегей кешен.
Ертістің сол жақ қанатына орын тепкен кешеннің ерекшелігін сөзбен айтып жеткізу қиын. Өскемендегі сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафтты қорық-мұражайының директоры Николай Зайцевтың айтуынша, саябақтың орны бір кездері ескі құрылыстардың орны екен. Өзінің саналы ғұмырын қаланы көріктендіруге арнаған қала тұрғыны осы жерді саябаққа айналдыруды көптен армандапты. Қазір бұл саябақ қала халқының демалатын орны ғана емес, қалалық, республикалық, халықаралық түрлі іс-шараларды ұйымдастыратын көңілді мекеннің де жаршысына айналған. Мереке-мейрам кезінде саябақ іші ән мен күйге бөленіп, әртүрлі концерттік бағдарламаларды ұсынады. Мерекелерге арналған жиын-тойларды өткізетін арнайы алаңқай үнемі іс-шаралар өткізуден босамайды.
Мұнда бас сұққан әр адамға арнайы үйді күтіп-баптап отырған таныстырушылар егжей-тегжейлі сыр шертеді. Мысалы, кәріс халқының қонысжайын тамашаласаңыз, олардың көкөніс өсіруге, егін шаруашылығына епті халық екенін, үйлерін безендіруде өздеріне тән шығыстық мәнерді сақтап, әр іске ұқыптылықпен қарайтын елгезек мінезін байқайсыз. Айта кетерлігі, осы үйлердегі жәдігерлердің дені қонысжайлардың тарихи сипатына сай жасалған.
Қала халқының сөзіне жүгінер болсақ, бұл күндері өскемендік қонақтарды осында ертіп келуді әдетке айналдырыпты.
[caption id="attachment_12650" align="alignright" width="448"] Әртүрлі ұлыстардың қонысжайлары[/caption]
Ең бастысы, бұл саябаққа қыдырған жандар әуелі этноауылдағы қазақ, орыс, украин, ұйғыр, кәріс, татар, белорус, шешен секілді ондаған ұлттың ескі қонысжайларымен таныса алады. Әртүрлі архитектуралық негізде бой көтерген ескі қоныстардың көшесін аралай жүріп, Сіз қазақ даласындағы ұлттар мен ұлыстардың бірнеше ғасырлық тарихымен танысасыз әрі оның әрбіріне бас сұғып, сол ұлттардың түрлі кезеңдегі өзгерістерін, үй жиһаздарын, отбасылық қағидаларын, тұрмыстық шаруашылық негіздерін, тұтынған бұйымдары мен кәсіптік айырмашылықтарын байқай аласыз. Мұнда бас сұққан әр адамға арнайы үйді күтіп-баптап отырған таныстырушылар егжей-тегжейлі сыр шертеді. Мысалы, кәріс халқының қонысжайын тамашаласаңыз, олардың көкөніс өсіруге, егін шаруашылығына епті халық екенін, үйлерін безендіруде өздеріне тән шығыстық мәнерді сақтап, әр іске ұқыптылықпен қарайтын елгезек мінезін байқайсыз. Айта кетерлігі, осы үйлердегі жәдігерлердің дені қонысжайлардың тарихи сипатына сай жасалған. Ол жәдігерлерді халық арасынан арнайы жинап, осында топтастырылғаны мұражай-қорық басшылығының ұқыпты тірлігінің бір көрінісі деуге болады. Үйлерге бас сұққанда тура өткен дәуірге тап болғаныңызды, жасанды, жылтырақтан ада, талай сырды ішіне бұккен заттарға қарап, тұтас халықтың болмыс-бітімін, тіршілік дағдысын көру мүмкіндігіне ие боласыз. Егер зерттеушілер, этнографтар барар болса, біздің даланы мекендеген ұлыстардың тыныс-тіршілігінің бір қайнарын қапысыз осы жерден табады. Жеті гектарды алып жатқан ауылдар шоғыры түрлі тарихи кезеңді қамтығанын баса айтқан жөн. Уақыт айырмашылығы да көзге бірден ұрынады. Үйлердің алдындағы шағын анықтамалыққа қай қоныстың қай кезеңге тән екені де жазылған. Ал әр ұлттың қоныстарын тұрғызар кезде облыстағы мәдениет орталықтарымен жіті ақылдасып, әр экспонатқа жіті назар аударғаны байқалады.
Көне ғасырлардағы Дәндібай және Ұлан ауданының Күнгей қонысындағы тас үйлердің көшірмесі бізді атамзамандағы мәдениет пен өркениет дәуіріне бастамай тұрмады.
ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы отырықшы қазақ қонысы сәнді де сәулетті болғанына қарамастан, сол шақтағы халықтың аумалы-төкпелі тарихын да таңбалап тұрғандай. Көне ғасырлардағы Дәндібай және Ұлан ауданының Күнгей қонысындағы тас үйлердің көшірмесі бізді атамзамандағы мәдениет пен өркениет дәуіріне бастамай тұрмады. Қазақ көшіп-қонып жүрген, отырықшылықты мында үйренді дейтін атүсті түсінік осы үйлерді көрген кез келген жан үшін жалған екенін өз-өзінен айтып тұрғанына куә боласыз. ХІХ ғасырдың соңындағы орыс кеншілерінің үйі, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы поляк, ұйғыр қоныстары мен сол ғасырдың орта шеніндегі татар, өзбек, армяндардың дәстүрлі үй-жайларының үлгісі, еврей мен шешеннің қарапайым да күрделі тұрақтары аралаушыларды бейжай қалдырмайды. Туысқан өзбек, қырғыз халықтардың қонысжайларын да тамашалаудың мүмкіндігі мол.
Қазақ қонысының Абайдың соңғы он жыл өмірін өткізген Жидебайдағы үйіне ұқсатып салынғаны да тектен тек емес. Абайдың заманында тек ақсүйектер, дала аристократтары салғызған үйлердің безендірілу ерекшелігі де көргенді тәнті етерліктей.
Бұдан бөлек, Ертістің қорық ішіне қарайтын бөлігін аралайтын арнайы қайық стансасы, өткен ғасырдың ескерткіштер аллеясы – зұлмат жылдар, соғыс кезеңі, соғысқа қатысқан қаһармандардың құрал-саймандары, қару-жарақтары, көрме залы бар. Тұтас аумақты аралап шығу үшін халыққа қолайлы арнайы шағын доңғалақты пойыздар жүреді. Ал балалардың ертегі әлемі демалыс күндері қаладағылардың жиі келетін арнайы демалыс орнына айналып үлгерген. Хайуанаттар бағында аң-құстардың нешетүрі бар. Саябақтан жаз бойы балаларын ойнатқан ата-ананы, Ертістің құм төселген жағалауына шомылған жұртшылықты, демалушыларға арналған мүйістерде шашлық пісіріп, өзара арқа-жарқа болған қала халқын көп жолықтырасыз.
Бұл тек этноауылмен шектелмейді. Мұнда келгендер қайықпен серуендеп, тыныштыққа ұйыған бау-бақша, орман-тоғайды да тамашалап, ғажайып табиғаттың жарасымды қалпына таңырқамай тұра алмайды. Жасыл жамылғыға оранған аумақта өсімдіктің 500-ден астам түрі өсіріледі. Тоғайдың ішінен нешетүрлі құстар ән салып, уылжыған табиғатты әсем күйге бөлейді.
Анадайдан көзге оттай басылатын Абай үйі ірі жиындар өткізетін бірегей жер. Мұнда облыстық және республикалық мәдени шаралар жиі өтіп, түрлі конкурстардың қорытындысы шығарылады. Шеберлер мен ұсталар бас қосқан шеберханада жас жеткіншектерді түрлі ұлттық бұйымдар жасауға баулиды. Саябақ басшылығы қазірдің өзінде шеберханада демалыс кезін өткізіп, өнер үйренгісі келетіндердің саны артып келе жатқанын айтады. Балалар этноауылдағы бұйымдарды толықтырып, өзінің ұлттық дәстүрін үйреніп, түрлі кәсіптік білім алуға мүмкіндік туғанына риза дейді шеберхана ұстаздары. Тіпті, жастар ғана емес, егде адамдардың өзі шеберханаға келуге әуес екен. Бұл жерде еңбек етіп шаршамайды, қайта рухани әңгіме мен жарасымды тіршілікті көріп, демалып қайтады деген байламын жеткізген шеберлер жастарды игі жұмысқа баулу – басты мақсаттары екендігін жасырмайды.
Этносаябақ жыл өткен сайын дамып, кемеліне келе түсуде. Облыс басшысы Даниал Ахметов саябақты одан ары жетілдіру, дамыту үшін барлық шарт-жағдай туғызатынын мәлімдеп, облыстық бюджеттен толайым қаржы бөлуге жәрдемдесіп отырғанын саябақ директоры ризашылықпен атап өтті.
Т. ТАҢЖАРЫҚ
Николай Зайцев, қорық-мұражай директоры:
– Бұл ауыл барша қазақстандықтарға татулық пен бірлікті дәріптейтін орталыққа айналып үлгерді. Жылдың барлық мезгілінде арнайы ат басын бұратын қонақтардың аяғы суымайды. Олар мұражай-қорықты аралай жүріп, өздеріне ерекше демалыс сыйлағанымызға рақметтерін жаудырып кетеді. Мұндағы әрбір экспонат, әрбір бұйым, ландшафттық безендірудің зор мәні бар. Өскемен қаласы ауыр өнеркәсібімен ғана емес, көркем табиғатымен де әйгілі болуға тиіс. Оған барлық мүмкіндігі жеткілікті.Қазір еліміздің әр аймағында осындай саябақтар бой көтеріп, қалалардың көркі кіріп келеді. Ең алғаш біздің облыс осы жұмысты қолға алған кезде, Елбасы Н.Назарбаев басқа өңірлерге де осындай этноауылдар керек екенін айтқан еді.
Қаламыз таза болса, ол көрікті болса, адамдар да соған сай болуға ұмтылады. Қаланың тазалығы – Сіз бен біздің қолымызда. Жасыл гүлзар көмкерген орындардың көбейгенін көрген сайын қуанамын. Ертістің екі жағалауын жөндеу жұмысын кел салып қолға алған өңір басшысының әр ісін құптаймын. Өйткені, елдің өсіп-өркендеуі айналамыздағы жарасымды дүниелерден, игі жұмыстардан байқалады.
Облыс басшысы Даниал Ахметов саябақты одан ары дамытуды тапсырды. Біз өңір басшысының қамқорлығына шын жүректен алғыс айтамыз.
Думан Танабасов