Елімізде өндірілген жүзімнің 72 пайызы Түркістан өңіріне тиесілі

Dalanews 01 қар. 2018 08:47 678

Айталық бір ғана Жетісай ауданы Абай ауылындағы «Махарам» шаруа қожалығында 42 гектар жерге жүзім егілсе, соның 26 гектары өнім берген екен. Ал, қалған 16 гектардағы егілген жүзім көшеті алдағы екі жылда жемісін бермек.

Жалпы жүзім шаруашылығы 50 жылға жуық өнім береді екен. Қожалық басшысы Махарам Нифталиевтің айтып өткеніндей, жүзім бақтарына жұмсалған шығын алдағы 5-6 жылда толығымен ақталуы тиіс.

Биылғы жылы шаруашылық жүзімдіктің әр гектарынан 25 центнерге дейін өнім алыпты. Жалпы алғанда әлемде жүзімнің 4000-ға жуық түрі бар екен. Жетісай жерінде негізінен алыс тасымалға шыдамды «Тайфы» сорты егіліпті. Жүзімнің бұл сорты қазіргі таңда Ресейге көптеп жөнелтіліп жатыр. Оның бір келісі – 120-130 теңгенің төңірегінде саудалануда.

Маусымдық жұмысқа тартылған отыз шақты ауыл тұрғыны алқапқа арнайы көлікпен әкелінеді, түскі аспен де қамтылған. Екі қолға бір күрек тапқан ауыл тұрғындары да дән риза, – деп жазады Оңтүстік Қазақстан басылымы.

Аудан әкімдігі мамандарының мәлімдеуінше, бүгінде Абай ауыл округіндегі жүзімдік алқаптың көлемі 280 гектарға жеткен. Аудан бойынша мұндай көлемді алқап ешбір округте жоқ. Абайдағы жүзім жинау науқаны да аяқталып, диқандар ала жаздай еткен еңбегінің жемісін жеуде.

Айта кетсек жалпы, соңғы жылдары Түркістан облысы бойынша жеміс-жидек пен жүзімнің егіс көлемі 1,8 мың гектарға артып, 30 мың гектарға жеткен. Оның ішінде жеміс – 19,5 мың гектар, жүзім 10,5 мың гектарды құрайды. Ағымдағы жылы 85 мың тонна жеміс-жидек және 70 мың тонна жүзім жинау жоспарланып отыр. Бұл – республикада өндірілген жүзімнің 72,5 пайызы Түркістан облысының еншісінде деген сөз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар